Екібастұз тұрғындары референдумға белсенді қатысуда
№ 6 мектеп лицейінде орналасқан № 521 референдум учаскесіне тұрғындар таңертең ерте белсенді келуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сағат сегіздің кезінде шамамен 130 шақты адам дауыс беріп үлгерген.
Екібастұз бойынша барлығы 97 493 азамат дауыс берушілер тізіміне енгізілген. 15 қыркүйекте сайлау комиссияларына сайлаушылардың тізімдері тапсырылды. Референдумға орай 23 билборд ілінген (6 – қалалық жерде, 11 ауылдық округтерде). Белсенділікті арттыру мақсатында тікелей дауыс беру күні жәрмеңкелер, референдум учаскелерінің жанында сауда, концерттік және спорттық бағдарламалар ұйымдастырылған. Тұрғындар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Дауыс берушілердің жекелеген санаттары үшін учаскелерде сыйлықтар қарастырылған.
Референдумға бір аумақтық комиссия, 65 учаскелік комиссия қатысады. Облыста барлығы 65 нысан бар, оның 45-і Екібастұз қаласында (екеуі жабық – уақытша ұстау изоляторында, аурухана кешені және 20-сы ауылдық жерде) орналасқан.
Барлық дауыс беруге арналған бөлмелер нысандардың бірінші қабаттарында орналасқан. Референдум учаскелерінде дауыс берушілерге, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды талап ететін мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың жалпы саны 1005 адамды құрайды. Оның ішінде: 150 адам мүгедектер арбасын пайдаланады, 238 адам көру қабілеті нашар (зағип және нашар көретіндер), 81 адам есту қабілеті бойынша (естімейді, есту және сөйлеу қабілетінен айырылған) мүмкіндігі шектеулі жандар.
Барлық учаскелер жиһазбен, компьютерлік техникамен, интернетпен, телефон байланысымен, кеңсе тауарларымен, стационарлық және тасымалданатын жәшіктермен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дауыс беретін кабиналармен, жаңа дауыс беру кабиналарымен, жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталған.
Сонымен қатар, дауыс беру құқығы заңнамасының нормаларын түсіндіру үшін аппаратта Call-орталығы (340868, 87474928474) жұмыс істейді.