Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту қашан аяқталады?

Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту қашан аяқталады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Барлық жұмыстарының 44 пайызы жасалынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өткен жылы «Kurylys Group RK» ЖШС-мен жалпы құны 16,4 миллиард теңге болатын келісімшарт жасалған.

– Жобаны іске асыру мақсатында 2024 жылы Ұлттық қордан 4,8 миллиард теңге бөлінді. Биылғы жылы қаржыландыру көлемі 2,2 миллиард теңгені құрады. Қаражаттың игерілуі – 76,5 пайыз, – деп хабарлады басқармада.

Жұмыс кестесіне сәйкес, бүгінде асфальтобетон жамылғысын фрезерлеу, кеңейтілетін аумақтарда жол төсемінің негізін салу, дренаж жүйесін орнату сияқты негізгі жұмыстар орындалды. Қазіргі таңда бейнебақылау жүйесімен жабдықталған қоршау орнату және деформациялық жіктерді жасау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, бес миллиард теңгеге материалдар мен жабдықтар сатып алынған. Бүгінгі күні жалпы жұмыс көлемінің 44 пайызы аяқталған. Жобаны толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен қосымша 9,3 миллиард теңге қажет.

– Қаржыландыруға берілген өтінімдер әзірге қолдау таппады. Осыған байланысты құрылыс жұмыстарының аяқталуы 2026 жылға шегерілді. Қаржыландыру қамтамасыз етілген жағдайда құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында, қолайлы ауа райы болғанда қайта басталады. Жарық сигнал беру жүйесін орнату мен асфальтобетон жабындысын төсеу мерзімі – 4,5 ай, – деді басқармада.

Ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстарының аяқталуы 2026 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.