Ақсуда жасөспірімнің өтінішімен ауладағы футбол алаңы жаңартылады
Әкім мәселені жеке бақылауына алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Аманов Instagram арқылы хабарласқан жас тұрғын Ерханмен кездесіп, Қамзин көшесі, 57 мекенжайындағы үйдің ауласындағы футбол алаңының бүгінгі жәйін көзімен көрді.
Кездесу барысында алаңның тозығы жеткені анықталды. Оның жабыны ескірген, торлары жыртылған, қоршауы мен қақпалары жөндеуді қажет етеді. Соған қарамастан, балалар бұл жерде күн сайын футбол ойнайды.
– Шынымен де барып көрген кезде футбол алаңына жаңарту жұмыстары қажет екеніне көзім жетті. Қолдау ретінде Ерханға футбол формасы мен доп сыйладым. Спорт алаңын жөндеу мәселесін жеке бақылауыма алдым, – деді Әнуарбек Аманов.
Басқосуға аула тұрғындары да қатысып, балалар ойын алаңын жөндеу, қосымша қоқыс жәшіктерін орнату, подъездер маңын абаттандыру және жасыл желек отырғызу үшін құнарлы топырақ жеткізу мәселелерін көтерді.