Павлодардағы 25 жылдық тарихы бар кәсіпорын ірі тапсырыстар күтуде

Павлодардағы 25 жылдық тарихы бар кәсіпорын ірі тапсырыстар күтуде

Қызметкерлердің 80 пайызы – әйелдер. Ал ұжымның 20 пайызын мүгедектігі бар адамдар құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Технопром-текс» ЖШС нарықта 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын директоры Нұрбапа Қасымовтың айтуынша, компанияны құрмас бұрын ол статистикалық мәліметтерді зерттеген. Нәтижесінде шетелге жөнелтілетін әрбір үшінші тонна жүктің Павлодар облысынан шығатынын анықтаған.

– Дамыған елдер экологиялық талаптарға байланысты үйінді жүктерді қабылдамайды. Оларды міндетті түрде Big-Bag қаптарымен тасымалдау қажет болды. Осылайша, Павлодарда дәл осындай кәсіпорын ашу идеясы туындады. Біз Қытайға бірнеше рет барып, осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындардың тәжірибесімен таныстық. Кейін қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, өндірісті іске қостық, – деп еске алады кәсіпорын басшысы.

Алғашында «Технопром-текс» кәсіпорнында қант, ұн, қарақұмық және басқа да сусымалы азық-түлік өнімдеріне арналған бес келілік қаптар шығарыла бастады. Біраз уақыттан кейін компания Қытайдан әкелінетін қаптамаларға балама ретінде Big-Bag контейнерлерін өндіруге көшті. Шикізат ретінде жоғары сұрыпты тағамдық түйіршіктелген полипропилен таңдалды. Оны кәсіпорын ұзақ жылдар бойы Павлодардағы «Компания Нефтехим LTD» серіктестігінен сатып алып келеді. Бұл жоба Павлодар облысындағы импортты алмастырудың тағы бір үлгісіне айналды.

– Біздің өндірістік цех толық цикл бойынша жұмыс істейді. Мұнда полипропилен жібін дайындаудан бастап, тоқылған мата өндіру мен дайын бұйымдарды тігуге дейінгі барлық жұмыс атқарылады, – дейді директордың орынбасары Марат Омаров. – Кәсіпорында 50-ден астам адам еңбек етеді. Олардың қатарында экструдер операторлары, жіпті шарғыға ораушылар, тоқымашылар, пішушілер, тігіншілер, сондай-ақ дайын өнімді престеп, жөнелтуге әзірлейтін қосалқы жұмысшылар бар.

2021 жылы кәсіпорын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан 13 миллион теңге несие алды. Бұл ретте кепілдік несие сомасының 50 пайызын құрады.

Компания полипропилен қаптамаларын мемлекеттік стандарттарға (ГОСТ) сәйкес өндіреді. Мұны Ұлттық аккредиттеу орталығының тиісті құжаты растайды. Аталған стандарттарға сәйкестік қаптаманың белгіленген салмаққа төтеп беретінін, тиеу кезінде жыртылмайтынын және азық-түлік өнімдерін қоса алғанда, әртүрлі жүктермен жанасуға жарамды екенін көрсетеді.

– Біздің Big-Bag қаптарымыз үлкен көлемдегі өнімдерді тасымалдауға және сақтауға арналған, – деп түсіндірді Марат Омаров. – Кәсіпорын жүк көтергіштігі 500 келіден екі тоннаға дейін жететін бұйымдарды ұсынады. Тапсырыс берушілер қаптардың өлшемін таңдап, оларға өз логотипін бастыра алады. Сондай-ақ ішкі қосымша қаптаманы пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.

Қаптаманың үлгісін технолог тапсырыс берушінің техникалық тапсырмасына сәйкес әзірлейді. Бір ілмекті Big-Bag қаптарына сұраныс сирек түседі. Ал екі және төрт ілмекті түрлері әлдеқайда танымал.

Бұдан бөлек, «Технопром-текс» тапсырыс берушілердің сызбалары мен техникалық талаптарына сәйкес полипропилен матасынан теміржол вагондарына арналған ішкі қаптамалар да дайындайды.

Павлодарлық кәсіпорынның дайын өнімдерін Семей, Ақтөбе, Қаратау және Тараз қалаларындағы тапсырыс берушілер сатып алады.