Павлодардағы көркемсурет музейінде ерекше картиналар көрмесі басталды
Көрмеге 2020-2025 жылдар аралығында музей қорына қабылданған туындылар қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Музей коллекциясын толықтыру – мемлекеттік музейлердің негізгі міндеттерінің бірі болып саналады. 1964 жылы негізі қаланған Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейі 2026 жылға дейін әртүрлі жанрды қамтитын 6330-ден астам өнер туындысымен толықты. Музей қорында кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер, сондай-ақ театр-декорация өнерінің ХХ-ХХI ғасырларда орындалған туындылары сақтаулы.
Көрмеде ұсынылған туындылар – 2020-2025 жылдар аралығында музей қорына қабылданған бірегей картиналар. Олардың қатарында музейге есімі берілген белгілі қылқалам шебері Н.Нұрмұхаммедовтың отбасы сыйға тартқан кескіндемелік туындылары да бар. Сонымен қатар, 2024 жылы музейдің 60 жылдығында көптеген суретшілердің туындылары тарту етілді. Музей қоры ХХI ғасырдың 20-жылдарынан бастап көркемсурет музейінің ұйымдастыруымен жыл сайын жаз айларында өткізілетін республикалық және халықаралық пленэрлерден көптеген қызықты туындылармен толықты.
Мәселен, көрмеге қойылған ҚР Суретшілер одағының мүшесі Андрей Оразбаевтың «Тағдыр. Сұлтанмахмұт Торайғыров» атты туындысын ерекше атап өтуге болады.
– Бұл философиялық композициялық туынды. Мұнда Сұлтанмахмұт Торайғыров тағдырының ішкі қақтығысы мен заманы бейнеленген. Кенептің ортасында ұсынылған ақын бейнесі екіге жарылғандай көрінеді. Бұдан бөлек, туындыдан қазақ символымен терең байланыстағы шексіздік тәрізді көптеген өрнектерді көруге болады. Бұл арқылы қылқалам иесі ақынның бізге қалдырған мұрасының шексіз екенін, ой толғамының тереңдігін, ағартушылығын байқауға болады. Сонымен қатар, картинадағы басты ерекшелік киіктің төлі құралайдың бейнесі көрініс тапқан. Мұндағы құралай ақын образымен сәйкес келеді. Құралай дала – символы ғана емес, жаңа туған үміттің көрінісі, – дейді экскурсиялық-бұқаралық бөлімінің маманы Дилара Қайдар.

Музей қызметкері картинада көрініс тапқан Торайғыров пен құралайдың бейнесінің бірге ұсынылуында үлкен мән барын атап өтті. Яғни құралай ақынның рухани егізі іспетті.
Құнды жәдігерге толы қарашаңырақта жыл сайын пленэр ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде әртүрлі көркемдік мектептерде тәлім алған және айқын қолтаңбалары бар қылқалам шеберлері орындаған Баянауыл пейзаждары көрменің ажарын аша түсті. Музей қоры Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей суретшілерінің туындыларымен толықтырылды. Бұл кезең аралығында Алматы, Астана, Талдықорған, Шымкент, Павлодар қалаларының суретшілері бейнелеген еліміздің тарихи-мәдени дамуына зор ықпал еткен тұлғаларының портреттерімен де кеңейе түсті.
Музейдегі театр-декорация өнері туындыларының коллекциясы – Владимир Колоденко, Қарасай Нұркенов, Нұрлан Дәуренбеков сынды театр суретшілерінің графикалық туындыларымен толықты. Аталмыш суретшілер қойылымдарға арналған сахналық костюмдер мен декорациялардың эскиздерін орындады. Әр кезеңдерді қамтитын бұл туындылар қазақстандық театр өнерінің стильдік және көркемдік ерекшеліктерін танытып, кәсіби сценографияның спектакльді дайындау барысындағы құрылымдық маңызын аша түседі.
Көрмеде ұсынылған 99 туынды – музейдің ауқымды коллекциясының аз бөлігі ғана. Бұл туындылар әлемнің көркем сұлуылғын сезініп, әр суретшінің ой-толғамын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.