Павлодардағы музейге Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының досының шапаны табысталды
Шара барысында данадан қалған жалғыз суреттің түсірілу тарихы таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Халықаралық музейлер күніне орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде театрландырылған-инстоляциялық көрме және әдеби-сазды кеш өтті.
Мәшһүр Жүсіп Кепеевтың туғанына 165 жылдығына орай «Бір суреттің тарихы» атты кеш өтті. Оған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлымен бірге суретке түскен Аллажар Әбдіразақұлының шапаны салтанатты түрде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің алтын қорына берілді.
Атап өтерлігі, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өмірінде тек бір рет қана суретке түскен. Және тарихи деректерге сүйенсек ғұламаның суретке түсуіне себепші болған адам осы досы Аллажар Әбдіразақұлы екен.
- Мәшһүр атамыз фотоға бір-ақ рет түскені баршамызға мәлім. Сол суретке кеудесіне құран сөздерін жазып түскен екен. Бұл суретте бейнеленген екі тұлғаның бірі Аллажар Әбдіразақұлы. Мәшһүр атамызды зерттеуде үлкен табыстарымның бірі осы шапан,- дейді ақын, Жазушылар Одағының мүшесі Жанаргүл Қадырова.
Бұл шапанды музейге тапсырған Аллажар Әбдіразақұлының келіні Гүлдана Айыпқызы. Бүгінгі таңға дейін шапанды көзінің қарашығындай сақтап, қолдан қолға жеткіздік дейді ол.
- Аллажар атамыз жасында Мәшһүр атамызбен еркелеп ойнайды екен. Бір күні әкесіне айтып Мәшһүр атамызды көндіріп алыпты. Оның суретке түсуіне тікелей себепші болған кісі Аллажар Әбдіразақұлы. Бұл шапан маған енемне қалған. 1969 жылы енем қайтқаннан кейін шапан менің қолымда болды, - дейді Гүлдана Айыпқызы.
Шара тек шапанды табыстаумен біткен жоқ. Облыс әкімі музейге табысталған ақын, танымал тұлғалардың жеке заттарымен танысып, көзайым болды.
Тарихи сәтке айналған кеш барысында музейде «Қасіретті жылдар...» атты инсталяциялық-тетарландырылған көрме, жас ақындар арасында «Поэтикалық дуель» өтті. Өзара сайысқа түскен жас ақындарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.