Павлодардағы оңалту орталығының жұмысына ҚР Мәжіліс депутатының көңілі толды
Орталыққа жүзден астам бала барады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі RESPUBLICA партиясы фракциясының депутаты Динара Наумова облыстық балаларды оңалту орталығына барып, балалармен қандай жұмыс жасалатынын бақылап қайтты.
– Бұл орталық – аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істеуге бағытталған. Негізінде, аталмыш проблеманың ауқымды екенін көріп отырмыз. Оларды қоғамға интеграциялауды және оңалту процесі өте маңызды міндет, сондықтан мен әріптестерімнің жұмысы жақсы атқарылып жатқанын айта аламын, – деді Динара Наумова.
Оның сөзінше, емдік дене шынықтыру, оңалтуды жүргізетін мамандар аз.
– Жалпы ақыл-ой кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін әдіскерлер жеткіліксіз. Бұл мәселе бойынша бейінді министрлікпен пысықтау керек, – деді Динара Наумова.
Бүгінде облыстық балаларды оңалту орталығында 75 қызметкер бар. Мекеме басшысы Әзіл Манабаевтың айтуынша, орталыққа 101 бала төрт сағатқа келіп тұрады.
– Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкес қызметтердің барлық кешенін белсенді түрде ұсынылады. Біздің орталығымыз 2023 жылы күрделі жөндеуден кейін ашылған болатын, – деді Әзіл Манабаев.
Балалармен арнайы шетелден алынып, Назарбаев университетінің ғалымдарымен интеграцияланған роботтар жұмыс істейді. Олардың арқасында аутизмге шалдыққан немесе ақыл-ой кемістігі бар балалар тез сөйлеп, ұсақ моторика, табандылық дамуына ықпал етеді. Орталықта сенсорлық және керамикалық шеберханалар, арнайы жабдықталған бөлмелер бар.
Бұдан бөлек Динара Наумова Жастар бастамаларын дамыту орталығына барып, өңірдегі жастардың тың жобалары мен бастамаларын қолдау мәселелерімен танысты.