Павлодарда «Қазақстанның үздік тауары» байқауына 23 кәсіпорын қатысады

Павлодарда «Қазақстанның үздік тауары» байқауына 23 кәсіпорын қатысады
Фото: атамекеннен

Жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына дайындық басталды. Облыстық Кәсіпкерлер палатасы сараптамалық топтың отырысын өткізіп, қатысушылардың құжаттары мен  ұсынған өнімдерін қарады. Кәсіпорын өкілдері комиссия мүшелеріне өз өндірісі туралы таныстырды. 

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхисламның айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты – отандық өнім сапасын арттыруға ынталандыру және қазақстандық нарықты бәсекеге қабілетті өніммен толықтыру.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы жыл сайын жеке және заңды тұлғалардың отандық өнім сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру, сондай-ақ Қазақстан нарығын жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету мақсатында өткізіледі. Байқау үш номинация бойынша ұйымдастырылады: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары», – деді ол.

Айдос Шайхисламның сөзінше, әр аталым бойынша үш жеңімпаз анықталады. Нәтижесінде өңірлік кезеңде үздік деп танылған тоғыз кәсіпорын Астана қаласында өтетін республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында Павлодар облысының намысын қорғайды.

Биыл өңірлік кезеңге 23 кәсіпкер қатысады. Олар өнеркәсіптен бастап азық-түлік өндірісіне дейінгі түрлі бағыттағы өнімдерін ұсынды. Қатысушылар арасында DQB 750 ұшқышсыз авиациялық жүйесін, газ талдау және жылыту-желдету жабдықтарын, темірбетон бұйымдарын, теміржол локомотивтері мен электровоздарға арналған бөлшектерді, құбырлар мен құбыр арматурасын, металл конструкцияларын, хлор-сілті өнімдерін және алдын ала оқшауланған құбырларды шығаратын кәсіпорындар бар.

Сонымен қатар, өңірде өндірілетін азық-түлік өнімдері де байқауға ұсынылды. Олардың қатарында жұмсақ жиһаз, полипропилен өнімдері, бидай ұны, макарон, сүт өнімдері, шұжықтар, балмұздақ, шәрбат, күркетауық етінен дайындалған өнімдер, «Павлодарлық» жеміс шырыны қосылған құрт, мәнті, тұшпара, сүйек сорпасы және ұлттық нақыштағы ортеке мен этно-декор бұйымдары бар.

Сараптама барысында бірқатар өнімнің Қазақстанда баламасы жоқ екені айтылды. Кейбір тауарлар шетел нарығына экспортталса, енді бірі маркетплейстерде жоғары сұранысқа ие.Биылғы өңірлік кезең 15 шілде күні Павлодар қаласында өтеді. Байқау жергілікті өндірушілердің өнімін кеңінен таныстырып, олардың жаңа нарықтарға шығуына және өндіріс әлеуетін арттыруына мүмкіндік береді.