Павлодарда микросфера шығаратын компания тығырыққа тап болды
Кәсіпорыннан 27 млн теңгеден астам соманы қайтару талап етілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы «Атамекен» палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында «Kazcenospheres» ЖШС тап болған мәселе талқыланды.
– Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының атына «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы – «Kazcenospheres» ЖШС-ден өтініш берушіге салық заңнамасының нормаларын қолдану құқығына қатысты жұмыс отырысын өткізуге қатысты өтініш түсті, – деп атап өтті «Атамекен» ӨКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Нұрлан Нәбиев кезекті кездесуде.
Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлнар Ыбыраева «Kazcenospheres» ЖШС және «QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ 2021 жылғы 14 маусымда жабдықты монтаждауға 27 миллион 224 мың 208 теңге сомасына шығындарды өтеу туралы келісім жасасқанын хабарлады. Келісім шарттары бойынша «Kazcenospheres» ЖШС екі жыл ішінде мемлекеттік қолдау шаралары бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, кәсіпорынның өнімді сатудан және қызмет көрсетуден түсетін табыс көлемін кемінде он пайызға ұлғайтуға, корпоративтік табыс салығы бойынша салық аударымдарын кемінде он пайызға ұлғайтуға және уәкілетті органмен екі жарым жыл ішінде мониторинг жүргізу үшін статистикалық деректерді таратуға «QazIndustry» кәсіпорнына келісім ұсынуға міндеттелген.
– Келісімшарттарының бірі – «Kazcenospheres» ЖШС келісім шарттарын бұзған жағдайда осы 27 миллион 224 мың 208 теңгені қайтаруға тиіс болды. ЖШС міндеттемелерін орындамауына байланысты индустрия және экспорт орталығы 2024 жылғы 13 мамырда ақшаны қайтару туралы хабарлама жіберді. «Kazcenospheres» ЖШС аталған хабарламамен келіспеді және бізге «Атамекенге» жүгінді, – дейді Гүлнар Ыбыраева.
Оның айтуынша, компания өзінің келіспеушілігін 2019 жылы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы болуымен түсіндірген, сондықтан салықтан босатылған, яғни Салық Кодексі бойынша артықшылықтарға ие. Еркін экономикалық аймақтардың (ЕЭА) және олардың басқарушы компанияларының аумағында жұмыс істейтін ұйымдар мен жеке кәсіпкерлер жер салығының, мүлік салығының, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының сомасын айқындау кезінде корпоративтік табыс салығын төлеуден босатылады.
– Осы мәселені қарастыра отырып, «Атамекен» ӨКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі «Kazcenospheres» ЖШС-ға сотқа жүгінуді ұсынды, – деп атап өтті Павлодар облыстық «Атамекен» палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Сондай-ақ ол палата сотқа мүдделі тұлға ретінде қатысуға және болашақта кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде туындайтын мәселелерді реттеуде консультациялық-құқықтық көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.