Павлодарда үш балабақша кешенді жөндеуден өтіп жатыр
Әрбір балабақшаға жарты миллиард теңге қаржы бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар қаласының білім беру бөлімінің басшысының орынбасары Жанат Асаинова мәлім етті.
– Қалада жаңғырту бойынша көптеген жұмыстар жүргізулде. Биыл жазда үш балабақша кешенді түрде күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл – көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №82, Усолка мөлтек ауданында орналасқан №5 балабақшалар және №42 мектепке дейінгі гимназия. Ол жерде ешқашан күрделі жөндеу жасалынбаған еді. Ғимараттарда толығымен ішкі, сыртқы құрылымы жаңартылады: электр желілері, едендері, кәріз, сыртқы аумағы, – деді Жанат Асаинова.
Оның сөзінше, бір балабақшаның жөнделуіне шамамаен 500-600 миллион теңге жұмсалады. Жұмыстар маусым айында басталған.
– Барлық жұмысты жарты жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жоспар бойынша кестеге сай жүріп жатыр. Біздің басшылық күнделікті осы нысандарды аралап, жөндеу жұмыстарының деңгейін тексеруде, –– деді спикер.
Сондай-ақ, №104 балабақша жаз кезінде күрделі жөндеуден өтті. Ал қала бойынша 40 балабақшаның аумағына асфальт жабыны төселді.
– Өткен жылы сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған №14 балабақшаға облыс атынан грант берілген болатын. Биыл сол қаражатқа арнайы интерактивті жабдықтар сатып алынып, педагогтарға арналған заманауи кабинеттер жабдықталды. Сондай-ақ, сенсорлық, монтессори, психологиялық, тұз бөлмелері ашылды. Толығымен жиһаздар жаңартылды, – деді Жанат Асаинова.
Оның сөзінше, биыл Достық шағын ауданында көп қабатты үйдің бірінші қабатында 80 орындық мектепке дейінгі шағын орталық ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, Кенжекөл ауылында 2025 жылға дейін 140 орындық балабақша салу қарастырылуда. Ал Ленин кентінде 240 орындық балабақша салу инвестициялық ұсынысына салалық сараптама қорытындысы жолданған.