Павлодар облысында 100-ге жуық жүргізуші куәлігінен айырылды
Олар көлік тізгініне масаң күйде отырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
– Жол қауіпсіздігін алдын алу мақсатында аймақта күн сайын 76 патрульді полиция құрамы жұмыс істейді. Жыл басынан бері олар жол қозғалысы ережесін бұзудың 8 мың дерегін тіркеген. Көлікті мас күйінде тізгіндеген 97 жүргізушіге қатысты шара қолданылды, – дейді Жасқайрат Қайыров.
2024 жылдың басынан облыс жолдарында болған апаттарда үш адам көз жұмды, ал зардап шеккендер саны өткен жылмен салыстырғанда 52-ден 67-ге көбейді. Павлодар облысында тіркелген жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жылдамдық режимі асыру, жаяу жүргіншілердің ережені бұзуы және иесіз малмен соқтығысу.
Көлік тізгіндеу кезіндегі ұйқының алдын алу мақсатында автожолдар бойында 400 шаршы метрден астам шулы жолақтар орнатылды. Жол бойындағы медициналық-құтқару бекеттерімен бірге жүргізушілердің денсаулық жағдайы тексерілді. Жүргізушілер қатты шаршаса немесе ауырып қалған жағдайда аталмыш аялдамаларда демалуына болады.
Айта кету керек, елімізде 5-29 ақпан аралығында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу шарасы жүргізіліп жатыр. Шара аймақ жолдарындағы апаттарды азайту және көліктік тәртіпті күшейтуге бағытталған. Жедел алдын алу шарасының бірінші онкүндігінде жол қауіпсіздігі саласында төрт мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.