Павлодарда ҰБТ-ға репетиторсыз дайындалу мүмкін бе?
Оқушылардың арасында білім деңгейін артық шығынсыз дамытып жүргендер бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлік барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолданады. Математика пәнінің мұғалімі Айгүл Закарьянова ЖИ күрделі тақырыптарды түсіндіруге және қосымша есептер құрастыруға көмектесетінін айтады. Дегенмен, оның жауабын тексермей қабылдауға болмайды.
– Менің ойымша, жасанды интеллект репетитордың кейбір қызметін атқара алады. Мысалы, түсініксіз тақырыпты қарапайым тілмен түсіндіріп, жаттығуға ұқсас есептер құрастырып бере алады. Бірақ жасанды интеллект те кейде қателеседі, сондықтан оның берген жауабын тексеру маңызды, – дейді Айгүл Закарьянова.
Ұстаздың сөзінше, талапкерлер көбіне мәтінді есептерге теңдеу құруда, функция графигін талдауда және геометриялық тапсырмаларға қажетті теореманы таңдауда қиналады. Ал өздігінен оқитындардың жиі жіберетін қателігі – сынама тест нәтижесіне ғана назар аударып, қате жауаптарын қайта қарастырмау.
Айгүл Закарьянова дайындықты уақыт белгілеп, сынама тест орындаудан бастауды ұсынады. Кейін қате кеткен тапсырмаларды тақырыптарға бөліп, білімдегі олқылықтарды анықтаған жөн. Аптасына бір рет тест тапсырып, көрсеткіштерді жазып отыру үлгерімнің өзгерісін бақылауға мүмкіндік береді.
Математика пәнінен ұлттық тестілеуге өз бетінше әзірленіп жүрген Роман Губанов ақылы қосымша сабақтарға бармауды саналы түрде таңдаған. Оның айтуынша, жеке дайындық кезінде әр тақырыпқа бөлетін уақытын өзі реттей алады. Бұған қоса, репетитор қызметінің құны да шешіміне әсер еткен.
Жас талапкер бастапқыда сынама тесттен 50 балдың 18-ін ғана жинаған. Қазір бұл көрсеткіш 36-40 балға дейін өскен. Ал негізгі мақсаты – емтиханда кемінде 45 балл алу.
– Ең қиын тақырыптар – геометриядағы көлемді фигуралар мен тригонометрия. Геометрияда бұрыштарды ажырату қиын, ал тригонометрияда формулалар көп болғандықтан шатасып кетемін, – дейді Роман.
Оның сөзінше, дербес оқудың басты қиындығы – тұрақты тәртіпті сақтау. Алғашында қай бөлімнен бастау керегін білмей, түрлі тапсырмаларды ретсіз орындаған. Кейін тақырыптар тізімін жасап, нақты жоспарға көшкен.
– Репетитор сіздің орныңызға емтихан тапсырмайды. Егер жалқауланбай, ақпаратты өзіңіз іздеп, көп жаттықсаңыз, ақылы курсқа баратын оқушылармен тең нәтиже көрсетуге болады, – дейді Роман.
Еске сала кетейік, ұлттық тестілеуге әзірлік барысында жүйелі жаттығу, қателерді талдау және білім деңгейін тұрақты бақылау маңызды. Қосымша мұғалімнің көмегінсіз де жоғары көрсеткішке қол жеткізуге болады. Ол үшін талапкерден табандылық пен жауапкершілік тең талап етіледі.
