Павлодарда ұлттық аспаптардың қыр-сыры таныстырылды

Ұлттық киімдердің тарихы мен символикасы түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде наурыз мерекесіне арналған «Наурыз: Көктемгі тойдың дәстүрлері» атты фольклорлық және «Ұлттық киім - ұлт бейнесі» атты этнографиялық сабақ өтті.
– Шараға колледж студенттері мен дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты оқушылары қатысты,– дейді экскурсиялық көпшілік жұмыс бөлімінің жетекшісі Мирас Сағындық.
Бөлім жетекшісі қатысушыларға мейрамның, дәстүрлі ұлттық аспаптары мен ұлттық киімдер туралы тереңірек түсіндіруге тырысатынын жеткізді.
– Жеті жылдан бері домбыра шертіп келемін. Бүгінгі шарада Жанғали Жүзбаевтың «Желдірме» атты күйін шертемін, – дейді дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаттің оқшысы Нұржан Хакім.
Шарада домбыра, жетіген, қылқобыз, дауылпаз, даңғыра, кепшік, шертер, сазсырнай секілді аспаптар таныстырылып ғана қоймай олардың рухани рөлі айтылды.
Сонымен қоса халқымыздың ұлттық киімі құрамы жағынан қарапайым, практикалық, дала көшпелілерінің атқа мінуіне ыңғайлы, суықтан, ыстықтан, тұрақты желден қорғануға бейімделгені туралы да жастарға егжей-тегжейлі түсіндірілді.