Павлодарлық мәдениет майталманы: Ұзатылған қыз тұмарға топырақ салып жүрген

@Pavlodarnews.kz тілшісі қазіргі кезде ұмытылып бара жатқан тұмар тағу ырымы жайлы сұрастырып білді.
Қазақстан гиннес рекордтар кітабына енген қазақтан шыққан темір адам Жеңісбек Қадырұлы ертеде қазақ арасында туған жердің топырағын тұмар ретінде алып жүру үрдісі жайлы баяндады.
– Тұмар – зиянды тылсым күштерден, тіл-көзден сақтайды деп сенген ежелден келе жатқан халқымыздың бұйымы, – деді мәдениет майталманы.
Оның мәліметінше, тұмар сөзінің этимологиясы көне түркі тума және йер тіркесінен «туған жер» мағынасын береді. Яғни, көне түркілер тұмарға туған жердің топырағын, тас қиыршықтары, халық қасиетті, киелі санаған ұлутасты салып жүрген.
– Әсіресе жорыққа аттанған батырлар, өз елінен жыраққа ұзатылған қыздар тұмар ретінде туған жердің топырағын шүберекке түйіп, өзімен бірге алып жүрген. Сол арқылы алыста жүрген ер адам «Жер – Ана жебеп жүреді, туған жерге қайтып ораламын» деп ырымдаған. Сондай-ақ алысқа ұзатылған қыз туған жердің топырағын иіскеп, мауқын басқан, – дейді Жеңісбек Қадырұлы.
Халқымыз тұмарды қорапшаларды үшбұрыш, төртбұрыш кейде түтікше түрінде көлемі мен пішінін әртүрлі үлгіде жасайды. Оларды әшекейлеп, алтын, күміс жалатып, асыл тастармен көмкерген.
Бойтұмар ретінде бау алқа өткізіп, мойынға таққан. Кейде тұмарды киім жағасының, қолтығының астына, бас киімнің ішіне тігіп немесе түйреуіш арқылы қадап алған. Сондай-ақ тұскиіз, кілемдерге қыстырып, жастықтың астына жастап жататын болған. Тұмарды жұрт көзіне көрсетіп алып жүру немесе тағу міндетті саналмаған.
– Ислам дінінің әсерімен, тұмарға туған жердің топырағын салу ығыстырылап, орнына Құран аяттары жазылған қағаз салу белең алған. Тұмарды әдетте діни ғұламаларға жаздырып алып, былғарымен қаптап, бойға тағып жүреді, – деді ол.
Тұмарды тек әшекей ретінде ғана емес, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан, көз тиюден сақтайды деген түсінік бойынша таққан. Оны көбінесе адамға, әсіресе жас балаға көздің сұғынан, тілдің уынан сақтайды деп таққан. Осындай тұмарлар адам бойына қуат беріп, көңіліне сенім тудырған.