Павлодарда ұлттық спортқа арналған жаңа ипподром ашылды

Павлодарда ұлттық спортқа арналған жаңа ипподром ашылды
Фото: Константин Шелков

«Ертіс» ипподромы ұлттық спортты дамытуға жаңа серпін береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ипподромның ашылуында жүйріктердің «Ертіс бәйгесі» чемпионаты бастау алды.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жарысқа қатысушылар мен қонақтарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады.

– Баршаңызға сәттілік, көтеріңкі көңіл күй және жарқын жеңістер тілеймін! – деді өңір басшысы.

Ұзындығы екі мың метрді құрайтын негізгі жарыс жолы әртүрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Қатысушылар үшін 800 метрден 2000 метрге дейінгі қашықтықтарға арналған старт алаңдары әзірленген.

Жаңа ат спорты кешеніне Қазақстан бәйге федерациясының комментаторы Шыңғы Тау жоғары баға берді. Оның айтуынша, нысанда жарысқа қатысушылар мен көрермендер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Көрермендерге арналған орындар саны көбейтіліп, арнайы жасыл жабын төселген.

– Ең алдымен трибуналарды жоғары бағаладық. Олар кең әрі ыңғайлы, екі жақтан да көруге мүмкіндік бар. Ат спорты үшін ең маңыздысы – жарыс жолы. Оның сапасы өте жақсы, жабындысы талапқа сай. Барлық бөлшектермен жеке таныстым, құрылысқа үлкен жауапкершілікпен қарағаны көрініп тұр, – деді федерация өкілі.

Ол сондай-ақ Қазақстанда ұлттық спорт түрі саналатын бәйгеге деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгін көрермендердің көп жиналғанын көріп отырмыз. Адамдар облыстың түкпір-түкпірінен келді. Жанкүйерлердің қызығушылығымен қатар спортшылардың дайындық деңгейі де өсіп келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын. Соңғы жылдары бәйге еліміздің барлық өңірінде қарқынды дамып келеді. Ірі жарыстар ұйымдастырылып, жергілікті билік пен спорт ұйымдары оларды жоғары деңгейде өткізуге күш салуда, – деді Шыңғыс Тау.

Сарапшы Павлодар облысында ат спортының дамуы оң серпін алып келе жатқанын да ерекше атап өтті.

– Павлодарлық спортшылардың да белсенді дамып келе жатқанын байқап отырмыз. Бұрын бұл бағытта олардың жетістіктері көп көріне бермейтін, ал қазір республикалық деңгейде бәсекеге түсе алатын мықты шабандоздар қалыптасып келеді, – деді ол.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның айтуынша, ипподром тек жарыстар өткізу үшін ғана пайдаланылмайды.

– Алдағы уақытта мұнда ұлттық спорт түрлерімен айналысатын спортшылар жаттығып, жылқыларды үйрету және оларды серуендету қызметтері ұйымдастырылады. Бүгін келушілер үшін қаланың алты нүктесінен арнайы көлік қатынасы ұйымдастырылды. Болашақта жарыстар мен басқа да іс-шаралар кезінде ипподромға арнайы қоғамдық көлік бағыттарын іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мұнда Жетекші ауылына қатынайтын көлікпен де жетуге болады, – деді ол.

«Ертіс» ипподромының ашылуы Павлодар облысының спорт өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, ат спорты мен ұлттық дәстүрлерді дамытуға, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге жаңа мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың бағалауынша, ашылу күні ипподромға өңірдің 8 мыңнан астам тұрғыны мен қонағы келген.