Павлодар облысының ауылдарында жаңа мәдениет үйлері бой көтереді

Павлодар облысының ауылдарында жаңа мәдениет үйлері бой көтереді

Одан бөлек, өңірдің бірқатар елді-мекендерінде мәдени нысандар күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы ақпаратты өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Тауасқан жеткізді. Оның айтуына қарағанда, соңғы екі жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 20-дан астам ғимарат жаңарды. Биыл қосымша үш мәдениет үйі салынады.

Олардың біріншісі Екібастұз ауылдық аймағындағы Бәйет ауылында бой көтереді. 150 орындық көрермен залы, кітап оқу және хореография залдары болатын ғимарат күзге қарай пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстары басталып кеткен.

- Екінші мәдениет үйі Тереңкөл ауданындағы Қызылтаң ауылында салынады. Қазіргі кезде мердігер ұйым анықталып, қажетті материалдар әкелінуде. Жоба құны 168 млн теңге. Оған қоса жергілікті бюджет есебінен Жетекші ауылында да мәдениет үйі пайда болады, - деді Медет Тауасқан.

Облыстың тағы тоғыз ауылында мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіледі: екі-екі нысан Май және Успен аудандарында, бір-бір мәдениет ошағы Ақтоғай, Железин, Баянауыл, Шарбақты және Аққулы аудандарында реттеледі. 

Мойылды ауылында құрылысы аяқталмаған мәдениет үйіне келсек, оның айналасындағы дау әлі аяқталған жоқ. Екі мердігер бір-бірін кінәлап соттасу үстінде. Ғимарат болса жоспар бойынша 2023 жылдың сәуір айында ауылдықтарға қызмет көрсете бастауы қажет болатын.

Биыл Екібастұзда кітапхана ғимараты күрделі жөндеуден өтетінін айта кеткен жөн.

Фото: ӨКК