Павлодар облысында кісі өлтірген Тәжікстан азаматы ұсталды

Павлодар облысында кісі өлтірген Тәжікстан азаматы ұсталды
Фото: Константин Шелков

Ол Ресейде қылмыс жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәіліметінше, Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері ағымдағы жылдың шілде айынан бастап мемлекетаралық іздеуде жүрген Тәжікстан Республикасының азаматын ұстады.

15 қарашада рейдтік іс-шара барысында құрылыс нысандарының бірінде тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін Тәжікстан Республикасының үш азаматы ұсталды. Аталған азаматтардың жеке басын анықтау үшін көші-қон қызметі бөліміне жеткізілді. 

– Деректер базасы бойынша тексеру кезінде үш шетелдіктің Қазақстанға жеке мақсатпен келгені анықталды. Ал 22 жастағы шетелдік азамат ағымдағы жылдың шілде айында Ресей Федерациясында кісі өлтіргені үшін мемлекетаралық іздестіруге жарияланғаны анықталды, – дейді департаментте. 

Сонымен қатар, екі шетелдікке қатысты көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 5-бөлігінің 517-бабы бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.