Павлодарда әйелдер қауымы төл мерекесінде тегін концерт пен қойылымдар тамашалайды

Павлодарда әйелдер қауымы төл мерекесінде тегін концерт пен қойылымдар тамашалайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде Халықаралық әйелдер күніне орай мыңға жуық іс-шара өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

8 наурыз күні барлық музейлер мен театрларда әйелдер қауымына кіру тегін болады. Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Сәменова мәлім етті. 

– Халықаралық әйелдер күніне арналған облыстық салтанатты жиын 7 наурыз күні сағат 15:00-де Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді. Концерттік бағдарламада  Иса Байзақов атындағы облыстық филармония, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртістері мен арнайы шақырылатын әртіс – Медеу Арынбаев өнер көрсетеді, – деді Самал Сәменова.

Ал мереке күні сағат 19:00-де Ернар Айдардың коммерциялық жеке концерті өтеді. Қалалар мен аудандардың мәдениет мекемелерінде  4-8 наурыз күндері мерекелік концерттер, сайыстар, дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. 

Көрме 

3-8 наурыз күндері Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде павлодарлық суретшілердің  «Әйел бейнесі» атты көрмесі қойылады.

5 наурыз сағат 11:00-де Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» көрмесі ашылады.

Театр 

8 наурызда 17:00-де Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында «Алғашқы махаббат» комедиясы, ал сағат 18:00-де А. Чехов атындағы театрында «Превратности любви» лирикалық комедиясы қойылады.

Іс-шара

4 наурызда 15:00-де Майра музейінде «Майраның ізбасар жерлестері» ән кеші өтеді. 

6 наурызда сағат 11:00-де «Аналар-асыл жандар» мерекелік кеш басталады.

7 наурызда сағат 16:00-де Шафердің музей-үйінің концерттік залында «8 наурыз мерекесі»,  күйтабақтар  көрмесі және кеш өтеді. 

8 наурызда сағат 13:00-де «Шаңырақ» орталығында облыстық «Ертіс аруы» байқауы болады. Ал кешкі сағат 17:00-де облыстық филармонияның концерттік залында «Трио баритонов» концерті ұйымдастырылады.