Павлодарда әжелер аналық өнегенің үздік үлгісін көрсетті

Павлодарда әжелер аналық өнегенің үздік үлгісін көрсетті
Фото: автор

«Асыл әже» байқауына оннан аса ақ жаулықты апа қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Өңірдің қазақ руханияты мен әйелдер қоғамына өлшеусіз еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз, «Парасат» орденінің иегері, Мұсылман әйелдер лигасының негізін қалаушы Зара Қожахметованың 85 жылдық мерейтойына арналған еске алу шарасы өтті. Ол ұзақ жылдар бойы Абай атындағы №10 мектепте география пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен. Зара Қожахметова тек ұстаз ғана емес, қоғам қайраткері, ұлт анасы ретінде де танылған тұлға. Іс-шара барысында «Асыл әже» байқауы ұйымдастырылды. 

Бұл игілікті шараның басты мақсаты – қазақ әйелінің, анасының қоғамдағы рөлін айшықтау, ұлттың салт-дәстүрін дәріптеу және Зара Қожахметованың өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету болды.

Шарада қазылар алқасының арасында  Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнулина болды.

–  Байқау аналардың анасы, қыз-келіншектерге үлгі болған Зара Қожахметованың өмір жолына арналды. Ол кісі кеңес дәуірінің соңғы кезеңінде және тәуелсіздік жылдары қазақ әйелінің мәртебесін көтеріп, салт-дәстүрімізді жаңғыртуда ерекше еңбек етті. Сондықтан біз бұл байқауды ұлы ананың ізін жалғастырушы ретінде өткізіп отырмыз, – деді ол. 

Айман Зейнулинаның айтуынша, байқауға қатысқан әжелердің барлығы Зара Қожахметованың замандастары, көзін көрген, бірге қызметтес болған әріптестері мен ізбасарлары.

–  Зара Қожахметованың елімізде Мұсылман әйелдер лигасын алғаш құрған анамыз. Ал келесі жылы бұл лиганың құрылғанына 35 жыл толмақ. Қазіргі таңда ұйымымыз «Нұр-Ана әлемі» деген атаумен өз жұмысын жалғастыруда. Бүгінгі «Асыл әже» байқауына тек осы ұйымның мүшелері қатысып отыр. Ертеңгі күні еске алу және марапаттау рәсімдері, көрмелер мен концерттік бағдарламалар жалғасын табады, – деді «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің және Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова. 

Оның айтуынша, шара барысында Зара Қожахметованың өмірі мен еңбегіне арналған арнайы көрме ашылды. Сонымен қатар Абай атындағы №10 мектептің оқушылары мен ұйым мүшелері бірлескен концерттік бағдарлама ұсынады. Ардақты ұстаздың туған мектебінде де еске алу бұрышы мен ескерткіш тақтайшаға барып гүл қоямыз. 

– Байқауға қатысқан әжелер төрт номинация бойынша бақ сынайды. Олар: өзін-өзі таныстыру, Зара Қожахметова туралы сұрақтарға жауап беру, қазақтың салт-дәстүрін көрсету және де өз өнерін паш ету, – дейді Аналар кеңесінің төрайымы.

Байқау қорытындысы ертеңгі еске алу кешінде жарияланып, жеңімпаздарға арнайы марапаттар табысталады.

Мектептің ардагер ұстазы Шәрбат Жұмаділова өз естелігінде Зара Қожахметованың тұлғалық болмысы мен тектілігі жөнінде ерекше әсерлі деректермен бөлісті. 

– Зара Қожахметовның тегі өте мықты – ол ұлт ұстазы Сұлтанмахмұт Торайғыровпен немере туыс. Тектілігі мен парасаты сол ата-бабасынан дарыған. Ол кісі қазақы тәрбиенің, аналық мейірімнің және ұлт руханиятының нағыз жаршысы болды. Біз ол кісіден көп нәрсе үйрендік, – деді ұстаз. 

Шәрбат Жұмаділова Зара Қожахметованың есімі қалай қойылғаны жайлы да ерекше тарихи оқиғаны баяндады.

– 1930-жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған Зара апайдың әкесі Қабдыш ақталу үшін Мәскеуге барады. Сол сапарда қызының туғаны туралы сүйінші хабар алып, қасындағы серігіне, сүйіншіңе не сұрасаң да берем! – дегенде, орыс досы: бүгін екеумізге де таң атқан күн, қызыңыздың атын «Заря» қойыңыз – депті. Содан бері Зара есімі қазақ руханиятымен біте қайнасып, нұр мен таңның белгісіндей мәңгілікке айналды, – дейді ол. 

Зара Қожахметованың өмірі – нағыз аналық парасаттың, азаматтық қайсарлықтың және ұлтқа деген шексіз махаббаттың көрінісі. Ол қиын-қыстау заманда балаларға арналған пансионат ашып, әлеуметтік көмек көрсетіп, аналар мен қыз-келіншектердің рухани бірлігін нығайтқан тұлға.

Павлодар өңірінде өткен бұл еске алу кеші тек бір адамның өмір жолына ғана емес, қазақ әйелінің рухани болмысына арналған мерейлі мереке болды.