Павлодарда сапасыз орнатылған терезелер дауына нүкте қойылды

Павлодарда сапасыз орнатылған терезелер дауына нүкте қойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кәсіпкер сапасыз терезелер үшін тұтынушыға  ақшасын қайтарып беруге мәжбүр болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық тұрғын терезелердің сапасыз жасалып, дұрыс орнатылмағанына шағымданып, сауда  және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.

– Тұтынушы терезелерді дайындау, жеткізу және монтаждау бойынша жалпы құны 2 миллион 300 мың теңгені құрайтын шарт жасасқан. Алайда терезелер орнатылғаннан кейін бірқатар кемшілік анықталған, – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті  басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.  

Ер адам тапсырысты орындаушыға хабарласқан. Кәсіпкер терезелерді алып, қайта орнатқанымен, бұл мәселені түбегейлі шешпеген.

Осыдан кейін тапсырыс беруші сотқа дейінгі талап-арыз жазған. Алайда кәсіпкер белгіленген мерзімде оған жауап бермеген.

Мәселені шешуге тұрғынға мемлекет көмектесті. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті терезе дайындаушы кәсіпкерге 7 АЕК, яғни 30 275 теңге көлемінде айыппұл салды.

Сонымен қатар, тараптар азаматтық-құқықтық мәміле жасап, медиациялық келісімге келген. Нәтижесінде кәсіпкер Павлодар тұрғынына 2,3 миллион теңгені қайтарып берген.

Айта кетейік, өңір тұрғындарының электронды саудаға, атап айтқанда, Kaspi, Wildberries, Ozon және басқа да онлайн-платформаларға қатысты шағымдарының саны екі есе өскен. Департаменттің көмегімен тұтынушыларға 1,2 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.