Павлодарда өңірді дамытуға бағытталған әлеуметтік бастамалар талқыланды
Демеушілердің қатысуымен маңызды жиын өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысында ERG және KAZ Minerals компанияларымен жасалған әлеуметтік меморандумдардың іске асырылуы талқыланды.
Кеше Павлодар облысы әкімдігінде өңірдің негізгі серіктестері - Eurasian Resources Group (ERG) және KAZ Minerals Bozshakol компанияларымен жасалған меморандумдар аясында әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралған жиналыс өтті. Білім беру, денсаулық сақтау және спорт саласын дамытуға бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 11,1 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 2025 жылы ERG жобаларына 3,8 млрд теңге, ал 2025-2026 жылдарға арналған KAZ Minerals Bozshakol жобаларына 7,3 млрд теңге қарастырылған.
Бүгінгі таңда аяқталған жобалардың қатарында: күрделі жөндеуден өткен Ақсу қаласындағы Ы. Алтынсарин мектебі бар. Құрылыс жұмыстарына және білім беру мекемесін толық жарақтандыруға 1,6 млрд теңге бағытталып, бұл оқу жағдайын және мектептің материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
ERG компаниясымен жасалған меморандум аясында «ERG мектебі» және «ERG колледждер үшін» білім беру жобаларының жүзеге асырылуы жалғасуда. Ақсу қаласының ұстаздарының біліктілігін арттыруға, сондай-ақ колледждердің материалдық-техникалық базасын дамытуға 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, компаниялар тобы Екібастұз қаласындағы «Ерекше үй» балаларды түзету орталығына тұрақты негізде қолдау көрсетіп келеді.
Денсаулық сақтау саласында «ERG-дәрігерге» жобасы толық көлемде іске асырылды. Бұл жобаның аясында өңір мамандары шетелдік әріптестерінің озық тәжірибесін меңгеру мүмкіндігіне ие болды. 60 дәрігер біліктілігін арттырып, кәсіби оқудан өтті.
Ақсу қаласында «Туған қала» жобалары да толық көлемде жүзеге асырылды: аумақтарды көгалдандыру бойынша жұмыстар атқарылды, сондай-ақ Павлодар қаласында сегіз тұрғын үйдің қасбетіне сәулеттік жарықтандыру орнатылды. Бұл қалалық ортаның сырт келбетін жақсартуға ықпал етті.
Ақсу қаласында екі жылдық жоба - бассейннің құрылысы жалғасуда. Бүгінгі таңда іргетасын құю, бетон блоктарын орнату, су құбыры желілерін тарту жұмыстары орындалды және қабырғасының бір бөлігі қаланды, сондай-ақ нысанды электрмен жабдықтауға барлық қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды.
Сонымен қатар Ақсу қаласында қалалық саябақтың құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында саябақтың аумағын абаттандыру, спорт алаңдарын дайындау және инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары атқарылды.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов салалық басқармаларға жобалардың сапалы іске асырылуын және жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
- Бұған дейін 2026 жылға арналған меморандумға енгізу үшін басым ұсыныстар тізбесі жолданған болатын. Өңір үшін Ақсу қалалық ауруханасын қайта жаңғырту және көгалдандыру шараларын жалғастыру мәселелері әлі де өзекті. Екі жыл ішінде 1 000 га аумаққа ағаштар отырғызылды және бұл жұмысты биыл да жалғастыру қажет, - деп атап өтті өңір басшысы.
Жиналыс барысында KAZ Minerals Bozshakol компаниясымен жасалған меморандумның орындалуына да ерекше назар аударылды. Аталған меморандум аясында үш ірі әлеуметтік жобаны іске асыру көзделген: Атығай ауылында шағын жинақты мектеп салу, Екібастұз қаласында инклюзивті балабақшаны қайта жаңғырту және Павлодар қаласында облыстық оңалту орталығын реконструкциялау.
Құны 1,5 млрд теңге болатын мектептің құрылысы ағымдағы жылдың наурыз айында аяқталады деп жоспарлануда. 1,3 млрд теңге қарастырылған балабақшаны қайта жаңғырту жобасы бойынша қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілуде. Ал жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын екі жылға есептелген үшінші жоба бойынша жұмыстар басталды.
Жиналыстың қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға қаңтар айының соңына дейін ағымдағы жылға арналған меморандумға енгізу үшін ұсыныстардың нақты тізімін дайындау тапсырылды.