Павлодарда 1 маусым күні балаларға қауіпсіздік ережелері үйретіледі

Павлодарда 1 маусым күні балаларға қауіпсіздік ережелері үйретіледі
Фото: Константин Шелков

Мереке күні балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ағымдағы жылы Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өту форматы дәстүрлі ойын-сауық іс-шараларымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қорғау және қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударуға бағытталған. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мәлім етті.

– Балалар үшін білім беру ұйымдарында, мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде жеке қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру, балаларды құқықтық сауаттылыққа және ақпараттандыру, қоғамдық нормалар мен мінез-құлық ережелерін сақтау, салауатты өмір салтын ұстану, жол-көлік жарақаттануын алдын алу, көшеде, үйде, демалыста, онлайн кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылатын болады, – деді басқарма басшысы.

Павлодар қаласында мереке 1 маусым күні  «Бақытты бала үшін» республикалық акциясы аясында қаланың орталық жағалауында «Алтын балалық шақ» фестивалінің ашылуымен басталады. Зияткерлік, танымдық ойындар ұйымдастырылып, арт-алаңдардың жұмысы, практикалық тәжірибелер, викториналар, логикалық ойындар және фокустар өткізілетін болады. Сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын дайындау бойынша мастер класс пен қаланың қосымша білім беру ұйымдары оқушыларының жыл сайынғы қолөнер көрмесі ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, төменгі жағалауда ойын алаңдары, жеке қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру бойынша шеберлік сағаты өтеді. 

«ҚР Қызыл жарты ай қоғамының Павлодар облыстық филиалы» ҚБ зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге қатысты балаларға шеберлік сағатын көрсетеді.

Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының құтқару және сүңгуірлік жабдықтарының көрмесін ұйымдастырып, асфальтта бормен сурет салу конкурсы, өрт сөндіру әдістерін көрсету, балалардан қауіпсіздік ережелерін білуі жайлы сауалнамалар алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 

Полиция департаменті жол ережелерін сақтауға, қоғамдық орындарда, бейтаныс адамдармен өз-өзін ұстауға бағытталған іс-шаралар өткізеді.

– Осы күні барлық орталық алаңдар, стадиондар, саябақтар мен сарайлар, ойын-сауық кешендерінің барлығы балаларға арналатын болады, – деді Самал Айтқазина. –  Бұдан бөлек, теміржолшылар кентінде «Жалын» балалар-жасөспірімдер клубының ашылуы өтеді. Оған шығармашылық және көркемдік-эстетикалық бағыттағы   тоғыз үйірмеге 60-тан астам бала мен жасөспірім тартылады.  

Оған қоса, металлургтер саябағында «ERG jaz Fest» отбасылық фестивалі өтеді. Қ. Әбусейітов атындағы мәдени бос уақытты қамту орталығында «Ертөстік және Айдахар» мультфильмінің көрсетілімі болады.

Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Болашағы елімнің!» ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады.

Көрермендер, Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалық - драма театрында сағат 11.00-де «Ойыншықтар» спектаклін және А. Чехов атындағы облыстық театрда сағат 12.00-де «Маленькая Баба-яга» спектакліy тегін тамашалай алады.

Облыс мұражайларындағы ашық есік күндері өткізіліп,  кітапханаларда мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған түрлі танымдық және ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылады.   

Сонымен қатар, спорт ғимараттарында, аулалардағы спорт алаңдарында әртүрлі жастағы балаларға арналған спорттық іс-шаралар өткізіледі.