Павлодарда 13 жыл дос болған танысының телефонын ұрлаған ер адам сотталды

Павлодарда 13 жыл дос болған танысының телефонын ұрлаған ер адам сотталды
Фото: жасанды интеллект

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 26 жастағы тұрғынға қатысты істі қарады. Ол танысының қымбат телефонын ұрлады деген күдікке ілінген.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға ағымдағы жылдың 25 шілдесіне қараған түні болған. Айыпталушы танысының пәтерінде қонақта болып, сол жерде түнеген. Үй иесі ұйықтап қалған сәтті пайдаланып,  ол үстел үстінде жатқан iPhone 16 Pro Max маркалы ұялы телефонды жасырын алып кеткен. Телефонның құны – 810 мың теңге. 

– Айыпталушы 26 шілде күні алкогольдік ішімдік ішіп, кешкі сағат 19:30 шамасында мас күйінде полиция қызметкерлері тарапынан ұсталып, уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылған. Ұсталған кезде ұрланған ұялы телефон оның жанында болған, алайда орталықтан шыққан соң жәбірленушіге тиесілі телефонды жоғалтып алған, – делінген сот үкімінде.

Сот отырысында жәбірленуші айыпталушымен 13 жыл бойы достық қарым-қатынаста болғанын пайымдады. Оның сөзінше, ұялы телефонның жоғалғанын байқаған бойда полицияға жүгінген. Қазіргі уақытта келтірілген материалдық шығын өтелмеген.

Сот шешімімен павлодарлық бір жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Оған пробациялық бақылау белгіленіп, кафе, мейрамханаларға баруға тыйым салынды. Сонымен қатар ол қоғамдық жұмыстарға тартылады және тұрақты жұмысқа орналасуы тиіс.

Сонымен қатар сот жәбірленушінің азаматтық талабын толық қанағаттандырып, айыпталушыдан 810 мың теңге материалдық шығынды өтеуді міндеттеді.