Баянауылда жаңа туристік және әлеуметтік нысандар бой көтеруде

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Баянауыл ауданына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сапар барысында Серік Батырғожинов ауданның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту және туризм әлеуетін арттыру бағытындағы бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Ауданның дамуына серпін беретін негізгі бастамалар қатарында мына нысандардың құрылысы атап өтілді:
- визит-орталық: туристерге қолайлы жағдай жасау және ақпараттық қызмет көрсетуді жолға қою мақсатында салынуда;
- көру алаңы: Баянауылдың әсем табиғатын тамашалауға мүмкіндік беретін жаңа туристік нысан;
- Сабындыкөл жағалауын абаттандыру: көл жағасында серуендеуге арналған жаяу жүргіншілер жолы, демалыс орындары және жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба туристер үшін жайлы инфрақұрылым қалыптастырып, экологиялық тазалықты сақтауға бағытталған;
- әскери комиссариаттың құрылысы: мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға арналған маңызды әлеуметтік нысан.
Сонымен қатар, Серік Батырғожинов Жаңатілек ауылындағы спорт кешенінің құрылыс барысымен де танысты. Аталған кешен ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен шұғылдануына кең мүмкіндік береді.
Аймақ басшысының орынбасары барлық жұмыс барысы аудан әкімінің қадағалауында екенін жеткізді.