Павлодарда 2025 жылы әуеден ұшақ көрмеуіміз мүмкін
Авиатасымалдарды дамыту үшін биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз конференциясында облыс әкімі Асайын Байханов жұмыстар қыркүйек айында басталғанын, оларды 2025 жылдың қазан айында аяқтау жоспарлануда екенін атап өтті.
Мердігерлер арасында медиативтік келісімге қол қойылып, тапсырыс беруші Павлодар облысының автокөлік жолдары басқармасы ұшу-қону жолағын жөндеу бойынша жұмыстардың жоспарын бекітті. Ол тоқтаусыз екі кезеңге бөлінген. Айталық, биылғы жылы ұшу-қону жолағы бойынша жұмыстар жүргізілсе, негізгі жұмыстар келесі жылы жазғы кезеңде болады. Қазір әуе лайнерлерінің қонуы мен ұшуына қатысы жоқ қосымша алаңдар бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Сондықтан биыл әуежай жұмыс істейді. Павлодар мен Астана арасындағы рейстер қалпына келтірілді. Алматы мен Павлодар арасында да күніне екі рет рейстер ұшады. Павлодар – Астана бағыты бойынша ұшақтар бүгінгі күні аптасына үш рет ұшады, – деді Асайын Байханов.
Оның айтуынша, негізгі жұмыстарды келесі жылдың қазан айында аяқтау жоспарлануда. Ұшу-қону жолағы тек жөндеуді қажет етпейді, себебі ол ұзақ уақыт бойы жөнделмеген. Егер ұшу-қону жолағы қайта жаңартылмаса, мысалы болашақта 2026-27 жылы әуе кемелерін қабылдауға рұқсат берілмеуі мүмкін. Сондықтан бұл шешім облыстық әкімдіктің авиация комитетімен, министрлікпен келісілген.
– Сондықтан 2025 жылдың жаз айында барлық бағыттар бойынша рейстер уақытша тоқтатылуы мүмкін. Бұл – мәжбүрлі шара. Осындай орасан зор қаражатты инвестициялай отырып, біздің ұшақ қонатын жолағымыз үлкен лайнерлерді қабылдауға, болашақта транзитті пайдалануға мүмкіндік бергенін қалаймыз, – деді өңір басшысы.
Аймақта жеткілікті бәсекелестік жағдайлар бар. Мысалы, авиакеросин ПМХЗ-да өндіріледі. Осыған байланысты Павлодар әуежайы авиакеросинді басқа әуежайларға қарағанда арзанырақ бағада алады.
Айта кетейік, өңірде аэровокзал жобасы дайындалуда, оны жергілікті бюджеттен қаржыландырмақ. Келесі жылы наурыз айында жоба сараптамадан шығуы керек. Аэровокзал жолаушыларға ыңғайлы болу үшін түбегейлі жаңартылмақ.