Ақсу тұрғыны жүз жылдық жәдігерлерді жинап жүр

Ақсу тұрғыны жүз жылдық жәдігерлерді жинап жүр
Фото: автор

Ол бала кезінен көне бұйымдарды жинауға құмар болып өскен,  деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауыл шаруашылығы бөлімінде қызмет ететін Ерғанат Ахметов - балалық шағынан бері көне бұйымдар жинауға құмар жан. Оның коллекционерлік қызығушылығы анасының, әсіресе нағашы әжесінің ықпалымен басталған. Ескі шақпақтар, ашықхаттар мен тұрмыстық заттар жинау бала күнгі әуестіктен үлкен іске айналған. Тіпті жетпісінші жылдары ағасымен бірігіп жасаған мүсіндер мен заттар арнайы бөлмеде музей болып қойылып, ауылдастарының қызығушылығын тудырған.

– Қызығушылығым бала кезден басталды. Анам мен нағашы әжем көне заттарды сақтауға өте мән беретін. Алғашқы радионы 2020 жылы Шымкенттен әкелдім. Сол кезден бастап радиоларға қызығушылығым арта түсті,  – дейді Ерғанат Ахметов.

Әрбір бұйым – бір отбасының, бір дәуірдің үнін сақтап тұрған мұра. Бүгінгі таңда коллекционердің үйінде 20-дан астам түрлі радиолар, соның ішінде кеңес дәуіріндегі «Ригонда» үлгісі де бар. Барлығы жұмыс істеп тұр, әрқайсысы – естелігімен қымбат.

Коллекция тек радиолармен шектелмейді: сағаттар, сіріңке қораптары, монеталар, тұрмыстық көне бұйымдар да бар. Коллекцияда 1925 және 1926 жылдары қолданылған шақпақ пен консерві ашқыш пышақ секілді сирек дүниелер де кездеседі. 

– Бұл бұйымдарды кезінде нағашы әжем қолданған. Көне жәдігерлер жүз жыл өтсе де өзінің мәнін жоғалтпаған. Үйімдегі шағын музей – заманның үнін сақтап қалған қазына. Бұл тек зат емес, бұл тарих, ұлт жадысы. Балалықтан басталған қызығушылық бүгінде рухани байлыққа айналды, – дейді ол. 

Ерғанат Ахметов алдағы уақытта өз жинағын одан әрі толықтыруды жоспарлар отыр. Қызығушылық танытқан өңір тұрғындарына шағын музейіндегі жәдігерлерді көрсетуге дайын.