Павлодарда 5000-нан астам жүргізуші балаларды автокреслосыз тасымалдаған
Жүргізушілердің барлығы заң алдында жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Балаларды арнайы ұстау құрылғыларынсыз тасымалдауға тыйым салынғанына қарамастан, Павлодар облысының полицейлері күн сайын жолдарда балаларды тасымалдау қағидаларын бұзу деректерін анықтауда. Көп жағдайда жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері жолдарға орнатылған бейнебақылау камералары арқылы автоматты түрде тіркеледі. Жүйе қауіпсіздік құрылғысымен бекітілмеген баланы немесе балаларға арналған автокреслоның жоқтығын анықтап, көлік иесінің мекенжайына айыппұл жібереді.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері балаларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін бес мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Ең алдымен, жолдың ұзақтығына қарамастан – үйден мектепке дейін немесе демалыс күндері балалармен бірге қала сыртына шыққанда да – көліктегі баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдау маңызды. Такси қызметін пайдаланатын ата-аналар тасымалдаушы компанияны мұқият таңдап, көлікте баланың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетініне алдын ала көз жеткізуі қажет, – деп атап өтті полиция.
Сонымен қатар, полицейлер балаларды қолда ұстап тасымалдауға қатаң тыйым салынатынын еске салады. Өйткені көлік кенет тежелген жағдайда соққының барлық ауыртпалығы баланың өзіне түседі.
Айта кетейік, 2026 жылы кәмелетке толмаған жолаушылардың қатысуымен 59 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1 бала қаза тауып, 17 бала түрлі жарақат алған.
«Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алған полицейлер жүргізушілерді қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Себебі дәл осы қарапайым ережелерді орындау кішкентай жолаушылардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік береді.