Павлодарда 5G станциялары қашан орнатылады?

Павлодарда 5G станциялары қашан орнатылады?
Фото: Константин Шелков

Бүгінде екі жерде жоғары жылдамдықты интернет желісі тест режимінде іске қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев мәлім етті.

– АТП-1, Лесная көшесінде 5G базалық станциялары тестілік режимінде қойылды. Қазір олардың қалай жұмыс істеп жатқанын бақылаудамыз. Сондай-ақ, Елгин көшесі, 47, Целинная көшесі, 91, өзен порты, «Павлодар-тұз», әуежай жақта қосымша 5G нүктелерін орнататын болады, – деді Елнұр Өтебаев. – Бұл жұмыстарды Tele2 и ALTEL операторлары қолға алды. 

Оның сөзінше, аталған станцияларды келесі жылы орнату жоспарланған болатын. Облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен Қазақтелекоммен келіссөздер жүргізудің нәтижесінде бұл мәселе биыл шешімін тапты.  

– Бұл жобаның толық іске қосылуы қыркүйек, қазан айларына жоспарланған. Әзірше іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Толығымен қосылған кезде станциялардың санын көбейтеміз, яғни халық көп шоғырланған жерлерде 5G нүктелерін орнатамыз, – деді Елнұр Өтебаев.

Жаңадан салынып жатқан базалық станциялар тұрғындар үшін қауіпсіз болады. 

– Санэпидемилогтар жүргізген  арнайы сараптамалар қорытындысына сүйенсек, 5G базалық станциялар адамның денсаулығына мүлдем зиянды емес. Станциялардың радиусы ашық жерлдерде 500 м құрайды, ал ең мықты ұстайтын жері 200 метрге дейін, – деп түснідірді спикер. 

Елнұр Өтебаевтың айтуынша, 5G қолданушыларға жоғары жылдамдықты интернетке жол ашады. Алайда оның өзіндік кемшіліктері де бар.

– Мен өзім қолданып көрген едім. Мысалы, менде айына 20 гигабайт болған, ал 5G қосқан кезде ол екі минутта ұшып кеткен. Бұл дегеніміз интернет трафикке үлкен жүктеме артылады және де бір жаман жері телефонның қуаты тез тауысылып қалады, – деді басқарма басшысы. 

Жыл соңына дейін Tele2 мен ALTEL операторлары 13 ауылда мобильді ұялы байланыс арнасын жеткізу бойынша  4G базалық станциясын орнатады. Ал Beeline тоғыз ауылда интернет орнатпақ.