Павлодарда 700-ге жуық мас тұрғын жазаланды

Павлодарда 700-ге жуық мас тұрғын жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Суық күндердің басталуымен павлодарлықтар тұрғын үйлердің кіреберістерінде спирттік ішімдік ішетін азаматтарға жиі шағымдана бастаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мәселен, Назарбаев көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары полицияға хабарласып, подъезд қабаттарының арасында ер адамның жалғыз өзі спирттік ішімдік ішіп отырғанын айтқан. 

Осындай шақырту Гагарин көшесіндегі үйден де түсті, онда сегізінші қабатта қолында арағы бар мас ер адам отырған. Тұрғындардың ескертулеріне құлақ аспаған құқық бұзушылар ішімдік ішумен қатар, алаңқайда темекі шеккен. Таңертең тұрғындар темекі тұқылдары мен бос бөтелкелердің шашылып жататынын жеткізді, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, патрульдеу барысында Московская көшесіндегі аялдама павильонында қатты мас күйдегі тағы бір ер адам анықталды. 

Мас күйінде болған барлық азаматтар Павлодар қаласының уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді. Қазіргі таңда оларға бес айлық есептік көрсеткіш немесе 21 625 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Егер бір жыл ішінде бұл құқық бұзушылық қайталанса, сот қаулысымен айыппұл мөлшері екі есе өседі немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу, не болмаса 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қолданылады, – деді ведомствода.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, бүгінгі таңда қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені үшін өңірдің 642 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

– Егер көшеде немесе тұрғын үйлердің кіреберістерінде осындай азаматтарды көрсеңіздер, бірден «102» нөміріне немесе учаскелік полиция инспекторына хабарласыңыздар. Тәртіп сақшылары міндетті түрде барып, тиісті шара қолданады. Ал егер адамға медициналық көмек қажет болса, «103» нөмірі арқылы жедел жәрдем шақыру керек, – деп ескертті полиция қызметкерлері.

«Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, полиция қоғамдық орында мас күйде жүру – әдеп нормаларын өрескел бұзу екенін еске салады және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады.