Павлодарда ағаштардың жерсінуі қалай бағаланды?

Мониторингті қоғам белсенділері жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы отырғызылған ағаштардың жағдайын «Эком» қоғамдық бірлестігінің өкілдері тексерді. Мониторинг «Фрегат» бағбаншылығы маңындағы аумақта жүргізілді. Бұл жерде күзгі және көктемгі отырғызу жұмыстары өткен.
Экологтардың мәліметінше, Павлодарды экологиялық көгалдандыру бағдарламасы аясында 27 мың ағаш отырғызылған. Олардың қатарында татар үйеңкісі, терек, қарағай, шырша, қайың, тал және күміс жиде бар.
Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, суару үш тәсілмен жүргізіледі: шланг арқылы, тамшылату және автоцистернаның көмегімен. Сонымен қатар, ағаш әлсіреген жағдайда топырақ тыңайтқыштармен құнарландырылады.
– Ағаштың алғашқы жылы – жаңа ортаға бейімделу үшін күрес кезеңі. Отырғызу алдында агрономдар аумақтың құнарлылығын, биоалуандылығын мұқият зерттейді. Тіпті, бұл жерде қандай жануарлар мен жәндіктер мекендейтінін де қараймыз. Мысалы, қояндар мен суырлардың көптігі – ағаштардың жерсінуі үшін жақсы көрсеткіш. Әрине, барлық ағашты сақтап қалу мүмкін емес, қурағандарын қазан айында ауыстыруды жоспарлап отырмыз, – деді мердігер ұйым өкілдері.
Барлығы 6923 ағаш зерттелді.
«Эком» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Могилюктің айтуынша, жасыл желектерді қоғамдық бақылау төрт жылдан бері жүргізіліп келеді. Мониторингке қатысушылар арнайы оқыту тренингтерінен өткен.
– Санитарлық-қорғау аймағында ағаш отырғызу жоспарлары туралы естігенде, біз көлемнің ауқымдылығына алаңдадық. Мұндай көлемде сапалы отырғызуды қамтамасыз ету өте қиын. Дегенмен, мердігердің жұмысы кәсіби деңгейде: арақашықтықтар сақталған, шұңқырлар сапалы дайындалған. Тамшылатып суару жүргізілген аумақтарда жерсіну деңгейі айтарлықтай жоғары. Бірақ, өкінішке қарай, қураған ағаштар да бар. Кейбір ағаштар толығымен қурап қалған, бұтақтары құрғақ, тамырдан жаңа өскін шыққанын әзірге байқамадық. Дегенмен, теректерде кейде мұндай жағдай кездеседі, көшет қурап қалғанымен, тамыр жүйесі тірі қалып, одан жаңа өскін пайда болады, – деді Светлана Могилюк.
Ағаштардың жағдайы алты санат бойынша бағаланды. Негіз ретінде кеңестік кезеңде әзірленген әдістеме алынды, онда бес санат болған: шартты тірі, сола бастаған, толық қураған, қатты әлсіреген, әлсіреген және сау ағаштар.
– Алтыншы санатты «шартты тірі ағаштарды» тәжірибе негізінде қостық. Бұл –қурап қалған, бірақ қайта қалпына келе бастаған ағаштар. Олардан үміт бар, сондықтан біз оларды жеке топқа бөлдік, – деп түсіндірді экологтар.
Әдістеме үлкен аумақтарда таңдамалы зерттеуді көздейді. Бұл жолы екі түрлі учаске таңдалды: бірі – тамшылатып суарылатын, екіншісі – автоцистернамен суарылатын. Мониторинг нәтижелері ресми хат түрінде облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасына жіберіледі. Сонымен қатар, Павлодар облысының экологиялық кеңесінде және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық органдарынығ мамандарына таныстырылады.
Жобаның басты мақсаты – тәуелсіз бақылау жүргізу, жауапты мекемелерде барлық қажетті материалдардың болуын қамтамасыз ету. Команда тұрақты үрдістер анықталған жағдайда ұсыныстар әзірлейді. Жұмысқа фитопатолог және ағаш түрлері бойынша кеңесші Торайғыров университетінің профессоры Виктор Камкин қатысады.
Материалдарды талдағаннан кейін профессор ұсыныстарды нақтылап, толықтырады. Бұл ұсыныстар мүдделі тараптарға жолданады.
Экологтар ұсыныстардың ескерілетінін атап өтеді. Мысалы, ағаш түрлерін таңдауда олардың жерсіну қабілетіне назар аударылады: ең жақсы нәтижелерді терек, қарағай, тал және жиде көрсетеді. Алайда, өндірістік аймақтар үшін бұл түрлер әрдайым қолайлы бола бермейді. Бүгінгі таңда жиде мен пирамида тәрізді терек отырғызылған, бұл шешім тұрақтылық пен мақсаттылық тұрғысынан сұрақтар туындатады.
Бұған дейін мониторингтік топ «Құлагер» ипподромы мен «Спорт сити» аумағына шыққан болатын. Мамандар аумақтың бір бөлігін зерттеді, ал бірнеше күн бұрын тағы бір ірі учаске, шамамен 3000 ағаш отырғызылған аумақ тексерілді.