Ертістегі майлы дақтар: экологтар тексеріс бастады
Мамандарға қала тұрғыны хабарласқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жақында павлодарлық азамат сапбордпен серуендеп жүргенде видео түсіріп, Instagram желісіне жариялаған. Бейнематериал халықтың алаңдаушылығын туғызды.
«Ертістің жылы ағысында дақтар пайда болды. Суда бензин мен мұнай өнімдерінің иісі байқалады. Бұл қоқысқа да, лай суға да ұқсамайды, ластану сияқты көрінеді, – деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.
Облыстық экология департаментінің өкілдері бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство басшысы Қанат Мұсапарбековтің айтуынша, оқиға орнына зертханалық топ шығып, су сынамалары алынған.
– Азаматтың өтініші бойынша материалдар облыстық прокуратураның құқықтық статистика орталығына тіркеуге жіберілді. Бүгін тіркеу аяқталады, ертең мамандар тексеріске шығады. Назарда тұрған кәсіпорын – «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ. Бұл апатты жағдай болуы ықтимал, дақтардың пайда болу себебі тексеріс аяқталғаннан соң белгілі болады, – деді Қанат Мұсапарбеков.
Депртамент басшысының айтуынша, мамандар кәсіпорында қолданылатын технологиялармен және агрегаттардың жұмысымен жақсы таныс.
Әңгіме «ЕЭК» АҚ-ның жабдықты салқындату үшін пайдаланатын жылу алмасу сулары туралы болып отыр. Бұл су кейін қайтадан Ертіске жіберіледі. Жоба бойынша кәсіпорынның ластаушы заттарды төгуі қарастырылмаған: өзенге таза су құйылады.
Жалпы, Ертістің жоғарғы және төменгі бөліктерінде тұрақты тексерістер жүргізіліп отырады.