Павлодарлық спортшы маунтинбайктан ел чемпионы атанды
Татьяна Генелева бірден екі дисциплинада алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 1–6 сәуір аралығында Шымкент қаласында маунтинбайктан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің 11 өңірінен 60 спортшы қатысты.
Өңір намысын Ельхан Болат, Артем Наумов және Татьяна Генелева қорғады. Тартысты өткен додада павлодарлық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті.

– Татьяна Генелева «кросс-кантри-марафон» дисциплинасында үш айналымнан тұратын 70 шақырымдық күрделі қашықтықты бағындырып, бірінші орынға ие болды. Ол 14 қарсыласын артта қалдырып, алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлде Тараз қаласының спортшысына бұйырса, қола медаль Алматы облысының өкіліне берілді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Татьяна Генелева «кросс-олимпик» санатында да үздік нәтиже көрсетіп, тағы бір алтын медаль иеленді. Бұл жарыста спортшылар бір жарым сағат ішінде жеті айналым бойынша сынға түсті. Екінші орынды Жамбыл облысының спортшысы, ал үшінші орынды Алматы облысының өкілі алды.
Фотосуретті облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі ұсынды