Павлодарда Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Павлодарда Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Дәстүрлі рәсім қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі композиторы – Абай күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараға облыс және қала басшылығы, басқарма мен бөлім жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, күштік құрылым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Гүлнәр Нұрахметова бұл күннің өңір тұрғындары үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Абай күні – біз үшін аса қастерлі. Біз оның ескерткішіне келіп, ұлы тұлғаға құрмет көрсетеміз. Қаламыздың көркіне айналған Абай ескерткіші 2021 жылы облыстық өлкетану музейінің бастамасымен бой көтерді. Біз жоба дизайнын әзірлеп, байқау ұйымдастырып, оны Мәдениет министрлігінде қорғап, тапсырыс беруші болдық. Абайдың сөзі бүгінде де өзектілігін жоғалтқан жоқ, оны бүкіл әлем таниды. Маған ойшылдың «Сен де – бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» деген сөзі ерекше әсер етеді, – деді ол.

Семейде Абайдың 180 жылдығына орай Мұхтар Әуезов шығармасының желісімен моноопера қойылды. Мерейтой жылы бұл туындыны алғаш рет Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі Шахимардан Әбілев орындады. Ол гүл шоқтарын қою рәсіміне де қатысты.

– ХХІ ғасырда да ойлары естіліп келе жатқан XIX ғасыр кемеңгері – ақынның баға жетпес мұрасын кеңінен насихаттауға әрбір азамат міндетті. Біз санамызды жаңғырту арқылы рухани реформаторды дәріптейміз. Абай – әр қазақтың мақтанышы, – деді әнші.

Іс-шара барысында жастар да өз пікірлерін білдірді. Павлодардағы География үйінің мүшесі Айша Сағат Абай мұрасының бүгінгі заман үшін маңыздылығын атап өтті.

– Бұл – қазақ тарихында ғана емес, бүкіл адамзат тарихында із қалдырған ұлы ақын және композитор. Ол жастар үшін де маңызды, себебі сол кезеңнің өзінде көптеген мәселені көтеріп, даналық жауаптар қалдырды. Мысалы, «Искандер» хикаясында негізгі ой – байлық пен күш қанша болғанымен, өмір соңында бәрін өзімізбен бірге ала алмаймыз. Ең бастысы – өмірді мәнді өткізіп, күш-жігеріңді қажет жерге жұмсау, – деді Айша Сағат.

Салтанатты шарада балалар Абай өлеңдерін оқып, облыстық филармонияның домбырашысы ақынның «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да» атты туындысын орындап, мерекелік көңіл күйге әсерлі леп берді.

Салтанатты іс-шара қазақ халқының ұлы перзентіне деген құрметтің символына айналған Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.

Фото: Константин Шелков