Павлодарда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері талқыланды

Павлодарда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері талқыланды
Фото: автор

«Достық үйінде» «Агроөнеркәсіптік кешеннің барлық қатысушыларын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау» атты облыстық кеңес өтті, деп хабарлайды Pavlodar.news.kz тілшісі.

Аталмыш жиынды «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» мен «Ауыл» партиясы  ұйымдастырды.

Бүгінгі талқылауға облыстың ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері, Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы, «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев, Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы Ерлан Тоқтышақов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және облыс басшылығының өкілдері қатысты. 

Іс-шараның мақсаты – өңірдергі фермерлердің, ауыл шаруашылық тауарөндірушілердің негізгі мәселелерін диалогты форматта талқылау, ауқымды мәселелерді көтеру. 

– Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын тежейтін басты мәселе – созылмалы қаржыландырудың болмауы. Өткен жылғы құрғақшылықты ескере отырып, наурыз айында облысымыздың фермерлері миллиард теңгеден астам субсидия алады. Бүгін шешіп үлгермеген барлық мәселелер кеңес барысында қайта қаралып, нақты шешімдері шығарылатын болады, –  дейді Ерлан Тоқтышақов. 

Сондай-ақ, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» мен «Ауыл» партиясы бірлесе отырып, өңіріміздің аудандары мен қалаларына барып, фермерлермен кездесті. 

–  Субсидия, көктемгі алқап жұмыстарына байланысты сұрақтар көп. Май және Баянауыл аудандары етке өте бай. Етті экспорттау мәселесіне ерекше көңіл аударамыз, –  дейді Павлодар облыстық «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының басшысы Айдын Сәрсенбай.

Оның айтуынша, ауыл  шаруашылығы етті дұрыс сата алмайды немесе төмен бағаға өткізеді. 

Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 7 ақпанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент экономиканы 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға дейін ұлғайтудың нақты нысаналы бағдарын қойды.