Павлодарда сайлаушылардың таңдау жасауына барлық жағдай жасалды

Павлодарда сайлаушылардың таңдау жасауына барлық жағдай жасалды
Фото: автор

№34 учаскеде дауыс беру қарқынды өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде дауыс беру пункті 3 тамыздан бастап дайындалып, тұрғындардың өз таңдауын еркін жасауына қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қайсар Айыповтың айтуынша, залда жәшіктер мен кабиналар орнатылып, ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін де арнайы мүмкіндіктер қарастырылған. Атап айтқанда, тактильді жолақтар, Брайль қарпімен жазылған трафарет, арнайы кабина, аудио сүйемелдеуі бар компьютер және ымдау тіліне арналған бейнематериалдар әзірленген.

– Біздің сайлау орнымызда шамамен екі мың тұрғын тіркелген. Таңертеңгі уақытта 45-ке жуық адам келіп, азаматтық таңдауын жасады. Әдетте халық күні бойы бірқалыпты келеді. Белгілі бір уақытта ерекше қарбалас байқалмайды, – деді Қайсар Айыпов.

Мұнда барлық жеті саяси партиядан бақылаушылар тіркелген. Сонымен бірге, биыл алғаш рет сайлауға қатысып отырған, 18 жасқа толған оннан астам жас бар. Комиссия мүшелері олардың да келуін күтіп отыр.

Үйде дауыс беру үшін таңертеңге дейін жеті өтініш қабылданған. Тұрғындар сағат 12:00-ге дейін өтініш бере алады. Осыдан кейін комиссия мүшелері түстен кейін өтініш берген адамдардың үйлеріне барып, олардың дауыс беруіне жағдай жасайды.

№34 сайлау орнының хатшысы Айнагүл Мақашева да таңғы белсенділіктің жоғары болғанын атап өтті.

– Біздің пункт ашылған сәтте бірден алты адам келіп, өз таңдауын жасады. Қазіргі уақытта сайлаушылардың белсенділігі жақсы. Адамдар біртіндеп келіп, азаматтық құқықтарын жүзеге асырып жатыр, – деді Айнагүл Мақашева.

Дауыс беруге келгендердің бірі –қала тұрғыны Гүлжанар Смағұлова. Ол сайлауға азаматтық ұстанымын білдіру үшін келгенін айтты.

– Еліміздің жарқын болашағы, балаларымыздың келешегі үшін дұрыс шешім қабылдаймын деп ойлаймын. Сайлау – ел үшін маңызды саяси науқан. Сондықтан оған әрдайым қатысуға тырысамын, – деді ол.

№34 сайлау орны Павлодардағы «Altyn saga» инновациялық шығармашылық орталығында орналасқан. Дауыс беру кешке дейін жалғасады.