Павлодарда алғаш рет сотталғандар үшін ашық қабылдау өткізілді
Барлығы 50-ге жуық адам кеңес алды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР ІІМ ҚАЖК қауіпсіздігі орташа №45 мекемесіне өңірлік жұмыспен қамту орталығының өкілдері, жеке сот орындаушысы, нотариаттық округтің нотариусы, көші-қон қызметкерлері және ХҚКО қызметкерлері келген.
– Сотталғандар арасында көбінесе осы сала өкілдеріне сұрақтар туындайды. Олар хаттар жазып, мекеме қызметкерлері сұрау жасайды. Кейде хат алмасу бірнеше айға созылады. Мұндай қолайсыздықтар мен қағазбастылықты алып тастау, қызметкерлерден тегін кеңес алу үшін мекемеде қабылдау күні ұйымдастырылды. Барлық қызмет өкілдері бізді қолдағандары үшін қуаныштымыз, – деді мекеме бастығы Қуаныш Қойшыбаев.
Сотталғандар арасында мұра мәселелері, құжаттарды әзірлеу, айыппұлдар мен талап арыздарын төлеу, басқа да сұрақтар туындайды. Мекемеде жазасын өтеп жатқандар арасында жеке құжаттары жоқ азаматтар да бар.
– Менің жасым 32-де. Құжаттардан тек туу туралы куәлік қана болды. Бостандықта құжат алғым келмедім, ал мұнда келгелі жеке құжаттың маңызды екенін түсіндім. Бүгін бірінші рет жеке куәлігімді алдым. Ол үшін көші-қон және мекеме қызметкерлеріне алғыс айтамын. Енді бостандыққа шыққасын жұмысқа орналасып, банктен шот аша аламын, – дейді сотталған Висилий.
Айта кетерлігі, мекемеде мұндай форматтағы кездесу алғаш рет өткізілді.