Павлодарда Алаш қайраткерлері туралы деректі фильм жарық көрді

Туындының авторы әрі жүргізушісі –  «Қазақстан Журналистер одағының» мүшесі Елдос Төлеубаев, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

– «Алаш рухты - Алаш қайраткерлері» атты деректі фильмде ел санасына егемендік идеясын сіңіріп, тарихтан есемізді алып берген алаш қайраткерлері туралы құнды мәліметтер жинақталған.  Алаш қайраткерлерінің Павлодар өңірімен байланысы бар бірнеше оқиғалар көрсетілген, – дейді Елдос Төлеубаев.

Филология ғылымдарының кандидаты, Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінің профессоры Серік Елікбаевтың пікірінше, Алаш Орда қайраткерлерінің еңбегі тарихта әлі толық бағасын ала алмай отыр. Сондай-ақ мектеп оқулықтарында бұл тақырып толық қамтылмай келеді.  Ал 25 желтоқсан - қазақ тарихында алтын әріптермен ойылып жазылу керек дата.

– Біздің тарихымызда бостандық және ұлт үшін жанын беріп, жауға қарсы тұрған қаншама батырлар бар. Алаштықтар – ортақ конституциялық заң шығаруға ұмтылған тұлғалар. Бұл ретте алғашқы тәуелсіз сайлау Әлихан Бөкейхановтың тұсында өткенін естен шығармаған жөн, – дейді профессор.