Жаттықтырушысы – анасы: Ақсулық оқушы тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанды
20-25 қыркүйек аралығында Алматы қаласында тоғызқұмалақтан 15, 17 жас мектеп оқушылары арасында тұңғыш Әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Чемпионатқа он жеті мемлекеттен екі жүзден астам спортшы қатысты. Облысымыздың намысын қорғап, чемпионатқа алты спортшы қатысқан.
Аталмыш чемпионатта Тамерлан Сапар тоғызқұмалақтың 15 жасқа дейінгі блиц түрінен жеңімпаз атанып, алтын жүлдемен оралды. Бұл спортшының жаттықтырушысы – анасы Гүлжан Сапарова.
– Тамерлан 2021 жылы Азия чемпионы, 2021-23 аралығында өткен ел чемпионаттарының жеңімпазы, биыл жазда Чехияда өткен халықаралық чемпионаттың жеңімпазы атанған. Осы жылдың ақпан айында ел біріншілігінде өңіріміздің атынан ерлер құрамасына кіріп, екінші орынды қанжығасына байлады. Бұл жарыста спорт шебері нормативін орындады, – дейді Гүлжан Сапарова.
Спикердің айтуынша, он бесқа жасқа жейінгі жарыстарда бәсекелестік жоғары болған. Жарыстың бұл түрінен он бір тур өткен.
Айта кету керек, аталмыш чемпионатта он жеті жасқа дейінгі тоғызқұмалақтың блиц түрінен Салахаддин Агитаев үшінші орынды қанжығаласа, рапид түрінен Надир Ахметов екінші орын алды.