Павлодарда мас күйде көлік жүргізген тұрғын сотталды
Ол бұған дейін дәл осындай заң бұзушылықпен ұсталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның, көлік құралын масаң күйде басқару фактісі бойынша істі қарады.
2023 жылғы желтоқсанда 00:33 минут шамасында «М» есімді азамат бұрын соттың үкімімен көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырылғанын анық біле тұра, орташа дәрежелі алкогольдік масаң күйде Павлодар қаласында «ВАЗ 21063» маркалы көлік құралын басқарған.
Павлодар қаласы №2 сотының 2024 жылғы 19 қаңтардағы үкімімен заң бұзушыға ҚК 346-бабының 1-бөлігімен өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Апелляциялық шағымда сотталушы жазаның шектен тыс ауырлығына байланысты үкімді өзгертуді және оған бас бостандығынан айыруды көздемейтін балама жаза түрін тағайындауды сұрады.
Қылмыстық іс материалдары мен апелляциялық шағымның дәлелдемелерін зерделей келе, алқа үкім заңды деген қорытындыға келді.
Осылайша, «М» сот үкімімен көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырылып, осыған ұқсас қылмысы үшін бас бостандығын шектеу түріндегі өтелмеген жазасы бар бола тұрып, ұқсас құқық бұзышылық жасады.
Жоғарыда айтылғандар, бұрынғы үкiм бойынша жазаның неғұрлым ауыр емес түрi сотталған адамның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатына қол жеткiзуге мүмкiндiк бермедi деген қорытындыға келедi.
Барлық мән-жайларды зерделеген сот алқасы бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз, сотталғанның апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Қаулы заңды күшіне енді.