Павлодарда бірге тұрған азаматын өлтірген әйел сотталды
Қанды қылмысты әйел мас күйінде жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы тергеушілер Павлодар облысында бір тәулікте орын алған 7 қылмыстық істі ашты.
Соның бірін Павлодар қалалық полиция бөлімінің аға тергеушісі Бибарыс Құсайынов тергеп, аяқтады.
– Өткен жылдың наурыз айында мен көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде орын алған адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергедім. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Анықталғандай, сол күні бірге тұратын ер мен әйел спирттік ішімдік ішкен. Кейін араларында жанжал туындаған. Ұрыс барысында әйел ер адамның қолындағы пышақты жұлып алып, кеуде тұсынан бір рет сұққан. Алған жарақат салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды. Кейін әйел марқұмның анасына қоңырау шалып, болған жағдайды хабарлаған, – дейді аға тергеуші.
Бибарыс Құсайыновтың айтуынша, олар жиі ішімдік ішкен. Ол оқиға орнын қарау барысында анықталған. Яғни пәтерде бос бөтелкелер мен қоқыстың көп болуы дәлел болыпты. Көршілері мен таныстары да екеуінің арасында алкоголь қолдану салдарынан жиі жанжал болатыны айтылған.
– Оқиға орнынан барлық заттай дәлелдемелер тәркіленді. Күдікті сол күні уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол өз кінәсін толық мойындады. Тергеу барысында күдіктінің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен, яғни басқа адамға қасақана заңсыз өлім келтіру – адам өлтіру ретінде сараланды. Объективті тергеу жүргізіліп, қылмыстық іс 26 сағат ішінде аяқталып, айыптау актісімен сотқа жолданды, – деді ол.
Сотта соққының қасақана және елеулі күш қолдану арқылы жасалғаны анықталды. Сараптамалар айыпталушының әрекеті мен адамның қаза болуы арасындағы байланысты растады. Қылмыстық істің барлық материалдарын зерделей келе, сот айыпталушыға орташа қауіпсіздік мекемесінде 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.