Баянауыл ауданының тас жолдарын шайып кетпес үшін қандай шаралар қабылдануда?

Су өткізгіштер жаңартылды, деп хабарлайды @Pavldarnews.kz.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық белсенді түрде жалғасуда. Жедел штабпен Баянауыл ауданындағы жағдай қаралды.
«Қазгидромет» филиалының мәліметінше, бұл ауданға жауған жауын-шашынның мөлшері – 60 миллиметр, топырақтың қатуы 67 сантиметрді құрайды. Ал қардың биіктігі – 21 сантиметр және бұл – өткен жылмен салыстырғанда 8 сантиметрге артық. Таулар мен далада жиналған қар қорынан басқа, ауданға бірнеше су қоймасы орналасқан Қарағанды облысынан да су келеді.
– Ауданда су басу қаупі бар деген 17 елді мекен бар. Су тасқыны жағдайы нашарлаған кезде жедел ден қою үшін 29 көлік құралы, 38 мотопомпа, 20 автобус, 10 мың қапшық, 20,8 мың литр жанар-жағармай, 1315 тонна инертті материалдар дайындалды. Ауданның автожолдарында 378 су өткізетін құбыр ашылады. Ауыл аумақтарынан 2625 тонна қар шығарылды, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – деді аудан әкімі Ардақ Кісентаев.
Сонымен қатар, облыс әкімдігімен ауданның Қ. Сәтбаев, Ұзынбұлақ, Жаңажол және Жаңатілек ауылдарында лиманды суару жүйелерін қайта жаңарту бойынша жобалар іске асырылуда. Жобалар Айдос, Қарасу, Ащысу өзендерінен келетін тасқын суларды жинақтауға және оларды лимандардың суармалы алқаптарына жіберуге бағытталған. Бұл өз кезегінде су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Жобалар 2024-2025 жылдары іске асырылады.
Алдыңғы жылдары көктемгі су тасқыны кезінде қиындықтар туғызған Жаңатілек және Қаратомар ауылдық округтеріне апаратын Қарашат-Жаңа-Жайма автожолының учаскесінде көлік құралдарының өтуі мәселесін шешу үшін 2024 жылы ұзындығы 1,7 шақырым айналма жол салынды.
Сондай-ақ, республикалық маңызы бар Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульянов тас жолының 101-105-ші шақырымдарында «Қазавтожол» АҚ филиалы темірбетонды үш аралықты көпір салды, бұл судың ауылдарға кірмей көпірдің астынан өтуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндағы су өткізгіштер толығымен жаңартылды.
2025 жылы Көкдонбақ ауылында Ащысу өзені арқылы көпір салу жоспарлануда, қазіргі уақытта оның құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Ауданды аралау барысында «Ескелді-Жаңажол» тас жолының «Ақтасты» учаскесіндегі көпір де тексерілді. Мұнда еріген судың ағып өтуін 11 су өткізетін құбыр қамтамасыз етеді.
Жедел штаб өткізілген іс-шаралардың сапасын бағалап, елді мекендерден қарды жүйелі түрде шығаруды жолға қоюды, 1 наурызға дейін жолдардағы барлық су өткізетін құбырларды ашуды және көктемгі су тасқынынан болатын залалды болдырмау үшін барлық алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды.