Павлодарда балаларға арналған сөйлеуді түзету орталығы жаңа ғимаратқа көшті

Павлодарда балаларға арналған сөйлеуді түзету орталығы жаңа ғимаратқа көшті
Фото: автор

Орталықтың ішінде жөндеу жүргізіліп, жаңадан кабинеттер ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Халықаралық деңгейдегі сертификатталған остеопат, дефектолог-логопед Меруерт Мауянова «Я МОГУ» балалардың сөйлеу бұзылыстарын түзету орталығының басшысы кәсіпкерлік жолын екі жыл бұрын бастады. Ол «Бастау бизнес» арқылы өтінім жіберіп, арнайы оқытудан өтіп, кабинет ашу үшін қаржыландыруға қол жекізген болатын. Жарты миллион теңгеге ол қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, мамандарды жинай бастады. Бірақ-та, жалдап тұруға қаражат көп кеткендіктен кәсіпкер өзінің жеке мекемесін ашқысы келген.  

–        Қызметкерлердің жалақысы бар, салықтарды да төлеу керек, ал жалдамалы орын үшін жарты миллионға жуық ақша кететін,– деді  Меруерт Мауянова.


Биыл кәсіпкер жерді алып, өзінің жеке орталығын кірпіштеп, салды. Ал оның ішінде жөндеу жүргізу үшін «Даму» ұлттық жоба шеңберінде кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қолдау алған болатын. Алған кепілсіз сегіз пайыздық  қарыз сомасы 10 миллион теңгені құрады.

–        Былтыр да грант ұтып, оған «Tomatis» аппаратын сатып алдым. Бұл құрылғы мидың жұмысын жетілдіріп, жүйкесін қалпына келтіруге көмектеседі,– деп атап өтті логопед маман.


Бүгінде орталыққа екі мыңға жуық бала емін алып, сөйлеу қабілетін дамытып келе жатыр. Оның ішінде тілі шықпай жүрген төрт жасар баланың анасы Индира Абдрашева бар.

–        Өз баламды осы орталыққа екі жыл бұрын апарған едім. Тіл жағынан қиыншылықтар болып, балам үш жасында мүлдем сөйлемеді. Не айтқысы келетінін жеткізе алмай, шыңғырып жүрген еді. Биологиялық белсенді нүктелер бойынаша екі рет массаж алып, содан тілі шығып кетті. Енді ол өз ойын жеткізе біледі,– деді Индира Абдрашева.– Өте тамаша орталық, нәтижесі де көрініп тұр. Балама барлығы ұнайды.


Логопед дефектолог, остеопат, психолог және емдік дене шынықтыру мамандар кішкентай балаларға ғана көмек көрсетуімен шектелмейді. Олар жол-көлік апатынан кейін жарақат алған адамдарға, инсультті алып, сөйлемей, жүрмей жатқан жандарға да көмек етеді. Арнайы массаж арқылы аутизмен емдейді.

–        Қазір көптеген балаларда сенсорлық және моторлық бұзылыстар бар.  Олар өздігінен тамақтана алмай, дәретханаға баруға күштері жоқ.  Сондай-ақ, балалар аз қамтылған отбасылардан келіп жатады. Мемлекет бізге және осындай ерекше балалары бар ата-аналарға назар аударып, көмектескенін қалаймын,– деді Меруерт Мауянова.


Жөндеуден кейін орталықта алты кабинет жұмыс істейтін болады. Қабырғалары ақшыл түсті реңкте боялған. Кәсіпкердің сөзінше, бұл баланы тыныштандырып, назарын бірқалыпты ұстау үшін керек.

Болашақта Меруерт орталықта интерактивті кабинеттерді ашып, одан әрі бұл жұмыс бағытын дамытқысы келеді.