90 жасар павлодарлық газет оқырманы ақшалай ұтысқа ие болды
Облыстық «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» газеттерінің өз оқырмандары арасында ұйымдастырған конкурсының қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқауға қатысу үшін газеттердің біріне бір жылға жазылу керек еді. Барлығы 274 оқырман қатысуға ниет білдірді. Олардың есімдері жазылған қағаздар лототронға орналастырылды. Оларды «Halyq radio» және «Сарыарқа самалы» тілшілері Айдана Дүйсен мен Алтынбек Мұқышев кездейсоқ таңдаумен алып шықты.
Сыйлықтардың әділ үлестірілуін «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» газеттерінің авторлары Амантай Тойшыбайұлы, Людмила Бевз және «Дом печати» ЖШС бас директоры Евгения Писаревская бастаған қазылар қадағалап отырды. Конкурс аталған басылымдар мен Pavlodarnews.kz Instagram парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді.
Сыйлықтар арасында тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ, су фильтлері және бас жүлде – 100 мың теңге болды. Ол 90 жасар «Звезда Прииртышья» оқырманы Мария Кошелеваға бұйырды. Анық болғандай, зейнеткер газетті сонау кеңестік кезден үзбей оқиды, коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік сала жаңалықтарын қалдырмайды.
Айта кетейік, конкурсқа қатысқандардың үштен бірі сыйлықтарға ие болды. Олардың көбі Железин ауданындағы оқырмандарға бұйырды.
Фото: Есенжол Исабек