Заң - кеңесі бір қоңырауда. Павлодар өңірінде «Е-Zan Komegi» қалай жұмыс істейді?
Заңгерлердің кеңесін бейнеқоңырау арқылы алуға, сенімхат пен басқа да құжаттарды қашықтан рәсімдеуге болады, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сұранысқа ие сервистердің бірі – «Е-Zan Komegi» бірыңғай заң көмегінің ақпараттық жүйесі. Ол eup.kz сайты арқылы онлайн форматта заң қызметтерін алуға арналған. Сонымен қатар азаматтар өздерін қызықтырған құқықтық сұрақтарға бейнеқоңырау арқылы жауап ала алатын «Zan Komegi» мобильді қосымшасы да бар.
Павлодар облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Айтымбетовтың айтуынша, сервис 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Биыл тоғыз айда адвокаттар мен заң консультанттары азаматтарға 10 мыңға жуық ауызша және жазбаша заң көмегін тегін көрсеткен.
– Пайдаланушы өтінім қалдырады. Содан кейін онымен адвокаттар немесе заң кеңесшілері байланысып, кеңес береді. Павлодарлықтар көбінесе мүлікке тыйым салу және оны алып тастау, борышкерлер тізіліміндегі тыйым салу туралы мәліметтерді жою, сондай-ақ сот орындаушыларының әрекетсіздігі мәселелері бойынша жүгінеді. Жүйе өтінімді өтініштері аздау заңгерге бағыттайды, – деді Азамат Айтымбетов.
Азаматтарға қолайлы болу үшін «Цифрлық нотариат» жобасы да дамып келеді. Ол нотариаттық қызметтерді азаматтарға қосымша шығын келтірмей және нотариустардың табысын төмендетпей онлайн форматта алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, сенімхат рәсімдеуге, кеңес алуға және жұбайының келісімін қашықтан ресімдеуге болады.
Әділет департаменті мамандарының мәліметінше, бес мыңға жуық азамат цифрлық форматта сенімхат рәсімдеген.
Әділет министрлігі нотариаттық палатамен бірлесіп, бірқатар нотариаттық қызметті онлайн форматқа көшірді. Енді кеңес алу, сенімхат рәсімдеу немесе жұбайының келісімін алу үшін нотариус кеңсесіне жеке барудың қажеті жоқ. Бұл қызметтерді бейнеқоңырау арқылы алуға болады.
Мұндай сервистерді дамыту Әділет министрлігі жүзеге асырып жатқан Digital Justice жобалар портфеліне кіреді. Оның негізгі міндеттері – мемлекеттік және заң қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, азаматтардың уақытын және қаржысын үнемдеу, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын енгізу.
Ведомство азаматтармен өзара іс-қимылды жеңілдетіп, қызметтерді цифрлық форматта алу мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастырып жатыр.