Павлодарда барлық әскери бөліністерде арнайы бейнебақылау орнатылған
Сарбаздардың ата-аналарымен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, сарбаздардың ата-аналары өздерін мазалаған сұрақтарына жауап берді.
Қоғамдық тәртіпті күзететін жедел мақсаттағы 5512 әскери бөлімінің командирі мен оның орынбасарлары 2-2023 жылғы шақырылым сарбаздарының ата-аналарымен онлайн режимде кездесу өткізді.
Онлайн кездесу барысында ата-аналар өз балаларына қатысты батальон командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасарларына, сонымен қатар әскери бөлімнің қаржы, кадрлар және медицина қызметі мамандарына түрлі сауалдар қойып, өздерін мазалаған мәселенің жауабын алды.
Ата-аналар тарапынан қойған сауалдардың басым көпшілігі сарбаздардың әскери қызмет өткергеннен кейін ЖОО-на грантқа оқуға түсу мүмкіндігі, өзінің тұрғылықты жері бойынша келісімшартпен әскери қызметке қалу шарттары, әскердегі медициналық қамтамасыз ету сапасы, сарбаздарға қажетті дәрі-дәрмек қоры, сарбаздарды бейінді ауқымды мамандарға қарату және киім-кешекпен қамтамасыз ету сынды тақырыптар қаузалды. Сұрақ-жауап барысында қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі - әскери қызмет өткеру мерзімінде несие бойынша төлемдерді тоқтату жайлы сұрақтарға жан-жақты жауап берілді. Сонымен қатар апта соңында ата-аналарымен, болмаса рота командирлерінің қадағалауымен сейілдемеге шығару және туыстарымен кездестіру мәселесі қозғалып, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жауынгерлік қызметті атқару уақытының ұзақтығы мен қазармалардағы ауа температурасына дейін білуге тырысты.
Сарбаздардың бірінің Алмагүл есімді анасы бөліністерде әлімжеттікті болдырмау үшін арнайы бейнебақылау орнатылған ба екені жайлы, жалпы сарбаздар арасындағы қарым-қатынас қаншалықты қадғалауда деген сұрақтарына әскери бөлім командирі подполковник Арман Пернеқұлов жауап берді.
– Әрине, барлық бөліністерде арнайы бейнебақылау орнатылған. Сондай-ақ, әскери бөлімнің қызметінде ҚР ҚК мен Жалпыәскери жарғы талаптары, оның ішінде әскери қызметшілер арасындағы қарым-қатынас қатаң қадағалауда. Жарғыға қайшы қарым-қатынастарға жол бермеу мақсатында әр бағыт бойынша менің орынбасарларым, медицина қызметінің бастығы, әскери полиция өкілдері күн сайын сарбаздардың денесін тексеріп, қандай да арыз-шағымдары бар немесе жоқтығы сұралады.Тіпті, сарбаздар алған кез келген жарақат бойынша лауазымды тұлғалар қатаң сұралып, дене жарақаты анықталған жағдайда қызметтік тексеру тағайындалып, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке таратылады, – деді подполковник Арман Пернеқұлов.
Сондықтан бұл ретте әскери бөлім командирі ата-аналарды алаңдамауға шақырды.