Павлодарда бес бала адасып, жағалаудан табылды

Қайғылы аяқталуы мүмкін оқиға дер кезінде араласқан қала тұрғындары мен полиция қызметкерлерінің арқасында жақсы аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, төрт пен сегіз жас аралығындағы бес бала Лермонтов көшесіндегі аулада ойнап жүріп, ересектерге ескертпестен велосипедпен орталық жағалауға кеткен. Біраз уақыттан соң олар үйге кері жолды таба алмай, қорқып, жылай бастаған. Бейтаныс балалардың абдырағанын байқаған жанашыр тұрғындар дереу полицияға хабар берген.
Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция қызметкерлері балалардың жеке басын анықтап, ата-аналарымен байланысқа шыққан. Қазіргі таңда барлық бала аман-есен үйлеріне жеткізілді.
– Балалар ата-аналарына тапсырылды. Сонымен бірге, заңды өкілдермен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, балаларды қараусыз қалдырмау туралы ескерту жасалды. Егер мұндай жағдай қайталанса, ата-аналарға қатысты заң аясында шаралар қабылдануы мүмкін, – дедң департаментте.
Тәртіп сақшылары тұрғындарға балаларға бей-жай қарамағаны үшін алғыс білдіріп, балалардың қауіпсіздігі – ең алдымен ересектердің жауапкершілігі екенін ескертеді.