Павлодарда бес миллион теңгенің әкімшілік айыппұлы рақымшылықпен кешірілді

Павлодарда бес миллион теңгенің әкімшілік айыппұлы рақымшылықпен кешірілді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Жүз салық төлеуші берешектен толық босатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстандағы рақымшылық туралы заңды іске асыру барысында Павлодар облысында мемлекеттік кірістер органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдарға қатысты жеңілдік қолданылды. Нәтижесінде шамамен 100 салық төлеушінің жалпы сомасы бес миллион теңгеге жуық әкімшілік берешегі жойылды.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасы және байланыс орталығының басшысы Төлеген Шаймардановтың айтуынша, рақымшылық талаптарына сәйкес келетін тұлғаларды анықтау үшін алдын ала талдау жұмыстары жүргізілген.

Біз тіркеуде тұрған барлық салық төлеушілердің мәліметтерін толық зерделедік. Ақпараттық жүйелер мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі негізінде талаптарға сай келген азаматтардың айыппұлдары автоматты түрде жойылды. Ол үшін тұрғындарға өтініш жазу немесе қосымша құжат ұсыну қажет болған жоқ, – деді ол.

Рақымшылық әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 269, 270, 271, 272, 284-баптары, сондай-ақ кеден заңнамасына қатысты 521-558-баптар бойынша қолданылды. Бұл бағыттағы жұмыс прокуратура органдарымен және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетпен бірлесіп атқарылған.

Жеңілдікке іліккен соманың басым бөлігі – әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 272-бабы бойынша декларацияны белгіленген мерзімде тапсырмағаны үшін салынған айыппұлдар. Олар жалпы кешірілген берешектің шамамен 99 пайызын құрады. Бұған дейін мұндай әрекетті бір жыл ішінде қайта жасаған азаматтарға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жаза қолданылған.

Төлеген Шаймардановтың айтуынша, рақымшылық тек қайталанған құқық бұзушылықтар үшін есептелген және ағымдағы жылдың бірінші шілдесіне дейін төленбеген әкімшілік айыппұлдарға ғана қолданылды. Енді бұл азаматтарға декларация тапсыру жұмыстарын қайта бастап, міндеттемелерін жаңа тәртіппен орындауға мүмкіндік берілді.

Қазіргі уақытта есептен шығарылған сомалар азаматтардың мобильді қосымшаларындағы берешек тізімінен де алынып тасталады. Барлық рәсім автоматтандырылғандықтан, қосымша өтініштер мен құжаттар талап етілмейді.

Мекеме басшысының мәліметінше, бұл – бір рет өткізілетін рақымшылық шарасы. Алдағы уақытта мұндай акцияның қайта ұйымдастырылатыны немесе өткізілмейтіні әзірге белгісіз.

Сонымен қатар, жаңа салық кодексіне сәйкес, егер кезекті декларация уақытында тапсырылмаса, мемлекеттік кірістер органдары оны салық төлеушінің орнына нөлдік көрсеткіштермен автоматты түрде ұсынады. Кейін азамат қажет болған жағдайда нақты деректерді енгізіп, қосымша декларация тапсыра алады. Осыған байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 272-бабы қазіргі уақытта іс жүзінде қолданылмайды, – деді Төлеген Шаймарданов.

Рақымшылыққа қатысты қосымша ақпарат қажет болған жағдайда азаматтар тіркелген жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады.