Қасқырмен арпалысқан қолөнер шеберінің есімі Павлодарда ұлықталды
Оның туындылары Қазақстанмен қатар, алыс-жақын шетел музейлерінде қойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде ұлттық қолөнер шебері Сәкен Құспекованың 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.
Киіз бен мата тоқудың хас шебері 1924 жылы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке бейімделген ол ата-анасына көмектесіп, іні-қарындастарын өсіруге қатысқан. Аштықты бастан кешірген. Мектепті бітіргеннен соң Павлодар педагогикалық училищесіне оқуға түсті.
Бірақ Ұлы Отан соғысы басталып, Сәкен Құспекова оқуын аяқтамастан тылдағы еңбекке араласады, комбайнер жұмысын игеріп, егін алқаптарында тер төгеді. Еңбегі кеңес үкіметінің жоғары бағасына ие болып, есімі Алматыдағы республикалық көрмеде аталады. Онымен қатар, ұлттық қолөнерді серік еткен ол бұл бағытта талай шәкірт тәрбиелеп, бабалар мұрасын өскелең ұрпаққа өсиет етіп қалдырды.
Сәкен апаның бұл ерекшелігін «Нұр-Ана» ҚБ төрайымы Бақытжамал Максилова атап өтіп, оның ұрпақ тәрбиесіне қосқан өлшеусіз еңбегіне бас иді.
- Өте ауыр кезеңде өмір сүрген бұл адамға туғанда ер адамға тән есім берген. Содан болса керек, Сәкен апа ер мінезді қайсар адам болып қалыптасты, көпшілік есінде де солай қалды. Бір естеліктерінде жайылып жүрген бұзауды таламақ болған қасқырға қарсы тұрып, малын аңға бермей қалғанын айтатын. Кейін жаралы бұзауды өзі-ақ емдеп, мал қылған, - деп есіне алды Сәкен Құспекованың немересі - Г.Н. Потанин атындағы музейінің директоры Арман Әлиакпаров.
Музей басшының сөзіне қарағанда, көрме бір айға созылады. Осы уақыт ішінде экспозиция Екібастұзға да барып-қайтады.
Сәкен Құспекованың шығармалары облыстық көркемсурет музейінде де сақтаулы. Одан бөлек, қолөнер шеберінің туындылары АҚШ пен Германияда қойылған.
Фото: автор