Павлодарда биыл қырыққа жуық ит иесін тапты
Уақытша ұстау пунктінде 220-дан аса ит бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ветеринария басқармасы басшысының м.а. Асылтас Тілеубаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Павлодарда үш жүз орындық уақытша ұстау пункті жұмыс істейді. Онда 220 аса ит бар.
– Бүгінгі таңда 98 итке вакциналау және зарарсыздандыру жасалынды. Қаражат толық бөлінді. Барлық ұсталған жануарлар таңба базасына енгізіледі. Бүгінгі таңда 3500 жануар бірдейлендіріп, таңба базасына енгізілген, – деді Асылтас Тілеубаев.
Уақытша ұстау изоляторында иттер тек 60 күн ғана бола алады. Барлық керек процедуралар жасалғаннан кейін иттерді алғысы келетін адамдар бар болған жағдайда жаңа иелеріне беріледі, егер жоқ болса, тіршілік ету ортасына қайта жіберіледі.
Бүгінгі таңда жыл басынан бері жаңа иелеріне 37 ит берілген. Жаңа ұсталған иттердің фотосуреттері бірден ветеринария басқармасының Instagram әлеуметтік желісінің парақшасында жарияланады. Жоғалған итті иелері солай тауып жатса, ит асырап алғысы келген адамдар фотосуреттерін көріп, алып кетуге келеді. Спикер асырап алуға өтініштер күн сайын түсетінін атап өтті.