Асайын Байханов: Тазалық айлығына белсенді қатысу керек

Асайын Байханов: Тазалық айлығына белсенді қатысу керек
Фото: Константин Шелков

Тазалық шарасын ауа температурасы қолайлы болған кезде бастау көзделіп отыр, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов тазалық айлығын 10 сәуірден бастауды тапсырды.

– Бұл тазалық марафонына  белсенді қатысу керек. Әсіресе бизнес саласы ірі кәсіпорындар, қалалық коммуналдық мекемелер толық  қатысуы тиіс. Тұрғындардан түсетін сұрақтардың басым бөлігі абаттандыруға қатысты, – деді аймақ басшысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста. 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыптың айтуынша, өткен жылы дәстүр бойынша облыс қалалары мен аудандарында аумақты абаттандыру және жинау айлығы 10 сәуірде басталып, 10 мамырға дейін жалғасқан. Осыған байланысты қалалар мен аудандардың әкімдіктері аумақты абаттандыру және жинау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

– Жыл сайынғы тазалық марафоны уақытында қаланы санитарлық тазалау үшін арнайы карта бекітілді. Онда әрбір аумақ мекемелер мен кәсіпорындарға бекітілді.  Қоқысты шығаруға 100-ден астам техника жұмылдырылады. Дәстүр бойынша палигон аумағында қоқыс тегін қабылданады, – деді қала әкімі Хасар Хабылбеков.

Еске сала кетейік, биыл жоспар бойынша 80 аулада көріктендіру жұмыстары жүргізіледі. Аталған аулаларға 14 элементі бар балалар ойын алаңдары орнатылып, аула ішілік жолдарға асфальт төселеді, сыртқы жарықтандыру құрылғылары ауыстырылады. Асфальт төсеу және жарықтандыру бойынша мердігерлер анықталды.